НҰР-СҰЛТАН, 02 маусым. 20-ға жуық бейбіт тұрғын Камерунның оңтүстік-батыс аймағында сепаратистік содырлардың шабуылының құрбаны болды. Бұл туралы жергілікті әскери дереккөз хабарлады, деп Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Дереккөздің хабарлауынша, 29 мамырда содырлар Оңтүстік-Батыс облысындағы екі ауылға басып кіріп, жергілікті тұрғындарды ұрламақ болған. Қарсылыққа тап болған сепаратистер 20 шақты адамды атып өлтірді.
Жергілікті биліктің мәліметінше, 500-ден астам ауыл тұрғыны көршілес Нигерияға қашып кеткен.
Камерунның ресми тілдері — француз және ағылшын. Ағылшынша ел тұрғындарының 20 пайызға жуығы сөйлейді. Олар негізінен Солтүстік-Батыс және Оңтүстік-Батыс аймақтарда тұрады.
2016 жылдың қазан айынан бастап Камерунның ағылшын тілінде сөйлейтін аймақтарында наразылықтар жалғасуда, жергілікті тұрғындар орталық үкіметті ұзақ уақыт бойы олардың дамуына немқұрайлы қарады деп айыптайды. 2017 жылдың қазан айынан бастап радикалды сепаратистер үкіметтік мекемелер мен мектептерге шабуыл жасай бастады, жиі адамдарды ұрлап, қауіпсіздік күштерімен қақтығысады.