НҰР-СҰЛТАН, 03 маусым. Түркия елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін террор ұйымдарына қарсы қажетті шараларды жалғастырады. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилдпен телефон арқылы сөйлескен кезде айтты, деп Түркия СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.Бұл туралы Anadolu агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Хабарда айтылғандай, әңгіме барысында америкалық дипломат Түркияның Сирияның солтүстігінде әскери операция жүргізу ниетіне алаңдаушылық білдірді. Онал жауап ретінде Сирияның солтүстігінде әрекет ететін КЖП/YPG/PYD террор ұйымының Сирияның аумақтық тұтастығына ғана емес, Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне де нақты қауіп төндіретініне назар аударды.
Ол сондай-ақ 2019 жылдың қазан айында АҚШ және Ресей Федерациясымен қол жеткізілген Сирияның солтүстігі туралы келісімдердің әзірге орындалмағанына назар аударды.
Онал сұхбаттасының назарына соңғы уақытта бұл аймақтан Түркияға төнетін террор қаупінің бұрынғыдан да артқанын жеткізді. Министрдің орынбасары Түркияның қауіпсіздік күштеріне, бейбіт тұрғындар мен нысандарға қарсы күшейген террорлық шабуылдарға Түркияның бейжай қарамайтынын ескертті.
«Түркия ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мүдделеріне қауіп төндіретін террористік ұйымдарға қарсы қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады», — деп Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасарының сөздері келтірілген.
Бұған дейін бейсенбі күні таңертең Линда Томас-Гринфилд Түркияның оңтүстігіндегі Сириямен шекаралас Хатай провинциясының Рейханлы аймағындағы «Чилвегёзю» бақылау-өткізу пункті мен БҰҰ-ның гуманитарлық көмек тиеу орталығына барды.