ҚЫЗЫЛОРДА, 18 шілде. Қызылорда облысының полицейлері “Қарасора – 2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 4116 түп сора өсімдігін еккен тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
37 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік батысқа қарай 45 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсірген. Арнайы баптап өсірілген сораның ұзындығы 60-70 сантиметрге жеткен. Осы аумаққа келген көліктердің дөңгелектерін тесу мақсатында қаскүнем ауыл маңындағы жолдарға қолдан жасалған металл шыбықтарды тастаған.
Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, заң бұзушының жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар, екі насос, палатка, мотор, 20 метрлік шланга, күрек, кетпен тәркіледі. 4 116 түп көлемінде тәркіленген сора өсімдігінің жалпы салмағы 34 келі, ал кептірілген марихуана 696 грамм көлемінде болып шықты. Күдікті Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және 300-бабының 2-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.