АЛМАТЫ, 21 шілде. Алматы полициясы есірткі тиелген екі көлікті тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші жағдайда есірткі қылмысына күдіктінің көлігін полиция қызметкерлері Ақсай ықшамауданында таңғы жетіде тоқтатқан. «Бұл – Д. есімді азамат басқарған Daewoo Nexia көлігі. Жолаушы 27 жастағы ер адам. Көлікті тексеру барысында қара және көк түсті изолентамен оралған 39 полиэтилен байламы табылды және тәркіленді, оның ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар синтетикалық мефедрон есірткісі екені анықталды. Жастар есірткі қоюшы ретінде қосымша табыс табатынын, тапсырыс танымал мессенджер арқылы қабылданатынын мойындады. Ұсталғандардың іс-әрекеттері тергеумен ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 5-тармағы бойынша сараланады. Олар тұтқындалды. Бұл есірткі қылмысы үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Медеу ауданында Оспанов көшесінің бойында полицияның арнайы жасағы тағы бір күдікті көлікті тоқтатты. Toyota Camry көлігін 32 жастағы К. есімді азамат басқарған.
«Көлікті тексеру барысында қара изолентамен оралған 4 полиэтилен байламы табылды және тәркіленді, оның ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар аса ірі салмақтағы синтетикалық мефедрон есірткі заты болып шықты. Ер адамның есірткіні қандай мақсатта сақтағанын және тасымалдағанын тергеу анықтайтын болады. Бәлкім, ол шөпті сатып, одан ақша тапқан болуы да мүмкін», – деді Е. Әлмағамбетов.