АЛМАТЫ, 09 тамыз. Алматы полициясы есірткі сайттарын жарнамалаған “суретшілерді” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Полицейлердің мәліметінше, күдіктілер қаланың Алмалы ауданында ұсталған.Тексеру барысында олардың бірінен есірткі сатылатын сайттардың мекенжайлары жазылған трафареттер мен бояулар салынған байлам тәркіленді.
– 24 жастағы Ч. есімді азамат осыған дейін қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Жас жігіт тағы да заңды бұзды. “Суретшіге” серіктес табу қиынға соқпады. Ол еш жерде жұмыс істемейтін 32 жастағы И. есімді азаматты тапты. Сонымен қатар, екі айыпталушы да есірткі заттарын пайдаланған, сол арқылы олар достасқан. Күдіктілердің айтуынша, олар бұл іспен айналысып жүргендеріне бірнеше ай ғана болған. Ал қабырғадағы бір мөр үшін төлем шамамен 2-3 мың теңге болады. Күдіктілердің әрекеттері ҚР ҚК-нің 299-бабы 1-бөлігі бойынша сараланады. Заңнамада 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.