НҰР-СҰЛТАН, 09 тамыз. Нұр-Сұлтан полициясы, ҰҚК департаменті және Мемлекеттік күзет қызметі Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі алдында елордада ауқымды тексеру жүргізеді, деп Нұр-Сұлтан қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Оның айтуынша, 8 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында қалада «Учаске» жедел-алдын алу шарасы өтеді.
«Елордамыз тұрақты түрде халықаралық маңызы бар ірі іс-шараларды өткізеді. 13-15 қыркүйек аралығында Рим Папасы Францисктің мемлекеттік (апостолдық) сапарының қатысуымен ХХ Хатшылықтың отырысы және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Осы оқиғалар қарсаңында, 8 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында қалада ҚР ҰҚКД және МКҚ-мен бірлесіп, «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде», — деді Малыбаев елордалық полиция департаментінде өткен брифинг барысында.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қалада жалға берілетін пәтерлер, саяжай және иесіз қалған үйлер, жатақханалар, есеп беретін контингент, аңшылық қару иелері, кәсіпкерлік нысандары көші-қон заңнамасына сәйкестігін тексереді.
Полиция департаменті тұрғындардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды және өткізіліп жатқан іс-шараларға көмектесуді сұрайды.