НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз. Президенттік аппараттың Коммуникация басқармасы төрағасы Фахреттин Алтун цифрлық медиада жасалған қылмыстарға, цифрлық терроризмге және жалған ақпаратқа қарсы сақтық шараларын қабылдаудың міндетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы TRT хабарлайды.
Фахреттин Алтун бас қала Анкарада өткен «Жаңа медиа және цифрлық терроризм семинарында» баяндама жасады.
Сандық әлемде тараған жалған хабар мен жалған ақпараттың алдын алу қажеттілігі бар екеніне назар аударған Алтун халықаралық зерттеулерге қарағанда әлемде жалған ақпаратқа ең көп ұшыраған елдің Түркия болғанын атап көрсетті.
Террор ұйымдарының цифрлық медиада үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенін еске салған Алтун
«Түркия тек физикалық шабуылдармен ғана емес, сонымен қатар PKK/YPG және Фетуллахшы террор ұйымы (ФЕТӨ) сияқты террористік ұйымдардың дезинформациялық шабуылдарымен де нысанаға алынды, алынуда. Террорлық ұйымдарды қолдайтын аккаунттар жүйелі түрде әлеуметтік медиа платформаларында елімізге қарсы жалған ақпараттар жариялау арқылы жергілікті және шетелдік қоғамды Түркияға қарсы жұмылдыруға тырысуда» деді.
Жаңа медиа мен цифрландырудың террор ұйымдарының хабарларының жылдам таралым ортасын қамтамасыз еткенін айтқан Алтун «Барлық елдер осы саладағы қауіптермен күрес үшін құқықтық және институционалдық инфрақұрылымдарын күшейтіп жатқанда, Түркияның артта қалуы әрине мүмкін емес» деді.
Коммуникация басқармасы төрағасы «Ұмытпаңыздар! Цифрлық терроризм де бір ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады. Және әр ел цифрлық әлемдегі қауіп-қатерге қарсы қажетті қорғаныс және алдын алу тетіктерін енгізуі керек» деді