НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз.
– Тимур Нүсіпханұлы, жақында ғана «Нұр-Мүбәрак» университетінің бір топ оқытушылары болып Түркияға барып келдіңіздер. Түсінгенімізше, бұл сапарды өзіңіз басқарып отырған «Нұр-Мүбәрак» университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы ұйымдастырған секілді. Жалпы, Түркия сапарына тоқталмас бұрын, аз-кем орталығыңыз жайлы айта кетсеңіз. Яғни, бұл орталықтың ашылындағы мақсат не, орталық немен айналысады?
– «Нұр-Мүбәрак» университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының құрылудағы негізгі мақсаты – дін қызметкерлеріне, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдеріне, жалпы дінге қызығушылық танытқан жандарға діни және теологиялық біліктілігін арттыру үшін діни экстремизмге қарсы тұру мәселелері бойынша білім беру және ғылыми-тәжірибелік пәндерді үйретіп, оқыту. Сонымен қатар, діни экстремизм мен радикализмге қарсы ғылыми-әдіснамалық зерттеу, талдау қызметтерін жасау да – мақсаттарымыздың бірі.
Осы мақсаттардың аясында орталығымыз жергілікті атқарушы органдардың ықпалымен деструктивтік, радикалдық ағымдардың жетегінде кеткендерге арнап курстар өткізеді, діни эстремизм мәселесіне қатысты методикалық құралдар құрастырады, түрлі бағдарламалар, жобалар және стратегиялар әзірлейді, аудио және видео материалдар дайындайды, мемлекетік органдарға, діни бірлестіктерге, сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларға консталтинг пен ұсыным жасайды.
Осыған орай орталығымыз ай сайын әртүрлі шаралар ұйымдастырады. Ал Түркия сапары – осы орталықтың шараларында лекция оқитын мамандарымызға бағытталған семинар түріндегі халықаралық бір шара.
– Бәрекелді, енді осы Түркия сапарына тоқталсақ… Семинардың мақсаты, мән-маңызы жайлы айта кетсеңіз.
– Түркия Республикасында өткен семинар – Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының халықаралық деңгейде өткен алғашқы және ауқымды бір шарасы. Әлбетте, орталық бұл шараның өтуіне мұрындық болғанымен, негізінен екі бауырлас елдің ортақ келісімімен және ұйымдастыруымен өткен бір семинар болды.
Осы орайда бұл семинардың өтуіне атсалысқан Түркия Республикасының Дін істері басқармасына және Алматыдағы консулдығына, сондай-ақ «Нұр-Мүбәрак» университетінің басшылығына алғысымды білдіргім келеді.
Семинардың негізгі мақсаты – діни эстремизм мәселесіне қатысты Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығында лекция оқып жүрген теолог мамандарымыздың біліктілігін арттыру және халықаралық деңгейде өзара тәжірибе алмасу болды. Тақырыбы да діни экстремизм және теріс пиғылды діни ағымдар мәселелері бойынша өтті.
Семинарға «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің дерадикализация саласында дәріс оқып жүрген тәжірибелі отандық теолог-сарапшылары қатысты. Түркияға барлығы 20 адам боп бардық. Бізден барған мамандарымыз тек тыңдаушы боп қана бармай, семинар барысында Қазақстандағы діни экстремизмнің алдын алу шаралары бойынша Қазақстанның да тың тәжірибелерімен бөлісті.
– Әлеуметтік желіден қарап отырмыз, семинар аясында кездесулер мен қабылдаулар да болған тәрізді ғой.
– Иә, сапар барысында көптеген кездесулеріміз болды. Оның ішінде Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы, бас мүфти, профессор, доктор Әли Ербаш мырза мен Дін істері басқармасының Сырты істер департаментінің басшысы әрі Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Селим Аргун мырзаның қабылдауында болғанымызды ерекше атап өткім келеді.
Қабылдау барысында Бас мүфти Әли Ербаш мырза Қазақстан мен Түркия арасында физикалық тұрғыда шекара болғанымен, көңілдеріміздің бен бауырмалдығымыздың арасында ешқандай да шекараның жоқтығын тілге тиек етіп, ерекше ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ, ол Ислам ілімдерінің 7-8 ғасырларда Орта Азия, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан аймақтарынан өркендеп Анадолы, яғни бүгінгі Түркия аймақтарына келгендігін сөз етіп, бүгінде университетімізде дін мамандарын дайындап жатқан ғалым, оқытушыларымыздан үлкен үміт күтетінін атап өтті.
Селим Аргун мырза да университеттің адам тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталып өтті. «Әлемнің қай жерінде болсын бір университеттің үш міндеті, фунциясы бар. Бірінші, оқушыларына өзінің төл мәдениетін таныту. Яғни, сіздер оқушыларыңызға мұсылман және қазақ мәдениетін танытуларыңыз керек. Екінші, оқушыда жаһандық аңғарымпаздық сезімін қалыптастыру. Яғни, оқушы әлемдегі жағдайлардан хабардар болуы керек. Әлемде боп жатқан оқиғалар мен жағдайлардан хабардар болмаған университеттің оқушысы не оқытушысы зиялы, ағартушы бола алмайды. Үшінші, оқушыларды заманның қажеттіліктеріне сай білікті бір маман етіп тәрбиелеп шығару. Міне, осы үш міндетті біздер білім беру саласының негізгі пәлсапасына айналдыруымыз керек», – деп Селим Аргун мырза өзінің университет секілді білім ордасына қатысты маңызды ойымен бөлісті.
«Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев мырза да кездесу барысында халқымыздың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, осы іс-шараға қолдау көрсетіп жатқан Түркия тарапына өзінің алғысын білдірді.
Бұдан басқа да көптеген кездесулеріміз болды, соның ішінде Түркия дін істері басқармасы қорының басшысымен, Анкарадағы Етимесгут ауданы әкімімен, Ыстамбұл қаласының өкіл имамымен, сондай-ақ, Анкара және Мармара университетінің теологоия факультеті декандарымен болған кездесулерімізді де атап өтуге болды.
– Семинар барысында қандай мәселелер қозғалды, қандай тақырыптар қамтылды?
– Семинарда әртүрлі өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, дінді жекебас мүддесіне пайдаланатын топтармен күрес жолдары талқыланды. Жалпы, түрлі экстремистік және террористік топтардың барлығы дінді жекебас мүддесі жолында пайдалану үшін құрығына іліккендерді халықтың төл мәдениетімен болған байланыстарын әлсіретеді, негізгі діни қайнар көздерден ұзақтатады, шынайы ғалымдардың ықпалын азайтудың амалдарын жасайды, сондай-ақ, жүйелі діни білімге селқостық танытады. Міне, осының кесірінен құрбаны болған жандар надандыққа ұрынып, түрлі бассыз әрекеттерге барады.
Семинар барысында халықтың осындай топтардың құрбаны болып кетпесі үшін қандай алдын алу шаралары қажет екені талқыланды. Соның ішінде жақсы ұйымдасқан білім жүйесін қалыптастыру, академиялық салада сапалы зерттеулер жүргізу, халықтың критикалық-аналитикалық ойлау қабілетін дамыту, хикмет пен парасаттылыққа баулу, діни қызмет пен діни білім беру ісін сенімді ұйымдарға тапсыру керектігі де тілге тиек етілді.
Бұдан басқа діни экстремистік топтардың мақсаттары мен адамдарды құрықтау техникалары, кейбір қасиетті діни ұғымдарды қалайша теріс және жағымсыз бір ұғымға айналдырғандықтары жайлы да пікір алмасулар болды. Сондай-ақ, сенім, ақида мәселесіндегі өзекті проблемалар да сөз етілді, ақидадағы қандай мәселелерде адамдар алауыздыққа түсіп, бірліктен айрылатындықтары талқыланып, өзара пікір бөлісілді. Бұған қоса діни ағартушылық пен дұрыс жолға бағыттау қызметтерінде діни медианың рөлі жайлы да тақырыптар қозғалды.
– Мұндай халықаралық семинарлар тағы да жалғасын таба ма?
– Әрине, мұндай халықаралық іс-шараларымыз бұдан кейін де жалғасатын болады. Себебі, мұндай шараның мамандарымызға берер пайдасы орасан зор. Мәселен, бұл жолғы іс-шарамыз тек семинардан ғана тұрған жоқ. Бағдарламамыз семинармен қатар түрлі мәдени шараларға да толы болды.
Іс-шарамыз негізінен Анкара, Бурса және Ыстамбұл қалаларында өтті. Анкарада күннің бірінші бөлігі семинармен өтсе, екінші бөлігі түрлі кездесулермен және мәдени шаралармен өтті. Соның ішінде ерекше атап өтетіні – Түркия Дін істері басқармасының Ғұламалар кеңесі мен Діни баспа және медиа департаментінің қызметтерімен танысуымыз болды. Бүгінде бір ғана Түркия Дін істері басқармасына қарасты бір телевидение және төрт радио қызмет етеді. Бұған қоса мерзімді басылымдардан 10 газет-журнал жариялануда. Сандық медианың өзінде де қыруар қызмет көрсетіп жатқанына куә болдық.
Ал енді кітап басу ісінің өзі бір төбе екен. Мәселен, Түркия Дін істері басқармасына қарасты Діни басылымдар департаменті осы күнге дейін 1017 діни еңбек басып шығарған, соның 47-сі өзге тілдерде. Бір Құран Кәрімнің өзін 31 тілде аударып шыққан екен.
Телевидениесі мен радиосының өзінде қаншама бағдарламалар түсірілуде, тіпті балаларға арнап сапалы анимациялық мультфильмдерді де өздері жасайтындай жағдайға жеткен. Бір ғана Діни басылымдар департаментінің өзінде 200-дей қызметкер жұмыс істейді екен. Міне, бағдарламамызда осындай танымдық кездесулердің өзі оқытушыларымызды ерекше әсерлендірді.
Бұдан басқа Бурсаның тарихи-мәдени жерлерін араладық. Ыстамбұлда Дін істері басқармасына қарасты İSAM – Ислами зерттеу орталығына, Анкара және Мармара Университетінің Теология факультетіне, KURAMER – Құран зерттеу орталығына және басқа да мұражайларға, тарихи-мәдени жерлерге бардық.
Семинар соңында барлық қатысушыларымызға Түркия Дін істері басқармасы тарапынан экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыты бойынша арнайы халықаралық сертификат берілді. Міне, осылайша дерадикализация бағыты бойынша Түркияда өткен алғашқы халықаралық семинарымыздың берері көп болды.
Жаңалықтар көзі: Kazislam.kz