НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз.Сомали қауіпсіздік күштері 18 сағаттан астам уақытқа созылған шайқастан кейін сенбі күні Сомали астанасы Могадишодағы «Аш-Шабаб» лаңкестік тобы содырларының шабуылына ұшыраған «Хайт» қонақүйін бақылауға алды, деп Сомалидің Shabelle Media Network ақпараттық порталы хабарлады. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Арнайы жасақ сарбаздары қонақүй ішіндегі лаңкестерді жою операциясының негізгі бөлігін аяқтап, қазір төрт қабатты ғимараттың төбесіндегі жарылғыш заттарды іздестіруде», — деп жазды портал. Қаза болғандар саны туралы әзірге нақты деректер жоқ. Al Arabiya телеарнасы 30-ға жуық адам қаза тапқанын хабарлады. Бұған дейін Somali Guardian ақпараттық порталы 20 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Олардың арасында әскерилер, шенеуніктер, сондай-ақ қонақүйдің иесі бар.
Содырлар шенеуніктер мен әскерилер арасында танымал Хайт қонақ үйіне жұма күні түнде шабуыл жасады. Шабуыл алдында қолдан жасалған үш бомбаның жарылысы болды. Содырлар тобы ғимаратқа басып кіріп, оның ішінде бекініп үлгерген. Көмекке келген полиция бөлімшесіне торуылға тап болды. Таңертең ерте қонақ үй маңына артиллериялық бөлімше орналастырылды, олар ғимаратты атқылай бастады.
«Аш-Шабаб» 2004 жылы Сомалиде құрылған. 2008 жылдан бері оның содырлары оқтын-оқтын лаңкестік әрекеттер жасап келеді. 2010 жылға қарай топ орасан зор аумақтарды басқарды, бірақ 2011 жылдың жазында ол Сомали астанасы Могадишоды тастап, ел үкіметі мен оның одақтастарына қарсы партизандық тактикаға көшуге мәжбүр болды. 2012 жылдың ақпанында «Аш-Шабаб» басшыларының бірі содырлардың «Әл-Каида»* террористік ұйымына қосылғанын хабарлады. «Аш-Шабаб» тобының жалпы саны әртүрлі мәліметтер бойынша 10 мың содырға дейін жетеді.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым