НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз.Бағдадтың солтүстігінде орналасқан Салах эд-Дин провинциясында бүгін әуе соққысынан «Ислам мемлекеті» (ИМ)* тобының алты содыры өлтірілді, деген мәлімдемені Ирактың терроризммен күрес басқармасы таратқан. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлады.
Барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Ирак әскері Салах эд-Дин провинциясының солтүстігіндегі Химрин тау жотасының маңындағы ИМ баспанасына әуеден соққы жасады.
Залалсыздандырылған содырлардың арасында тау жотасының маңында жалған бақылау бекеттерін орнату арқылы көптеген қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарды өлтіру мен ұрлауға жауапты провинциядағы ИМ-нің жетекшісі Әбу Марьям әл-Кахтани бар.
Бүгін таңертең Ирак қарулы күштерінің біріккен жедел қолбасшылығының баспасөз қызметі Ирак жауынгерлері Химрин тау жотасында ИМ лаңкестік тобының маңызды жетекшілерінің бар екендігі туралы барлау мәліметтеріне сүйене отырып, әуе шабуылдарын жасағанын хабарлады. Қосымша мәліметтер берілмеді.
Соңғы айларда Ирак қауіпсіздік күштері экстремистік содырларға қарсы, олардың күшейген әрекеттерін тоқтату мақсатында бірқатар операция жүргізді.
Ирактағы қауіпсіздік жағдайы 2017 жылы ИМ талқандалғаннан бері жақсарып келеді. Алайда ИМ қалдықтары қалалық жерлерде, шөлдерде және ойлы-қырлы жерлерде жасырынып, кейде қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдар жасайды.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым