НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз. Нұр-Сұлтанда полицейлер үш жігітті есірткімен ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері “Қарасора – 2022” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Рысқұлбеков көшесіндегі үйдің ауласында ВАЗ 2115 aвтокөлігін тоқтатты, оның салонында үш жас жігіт болған.
Көлікті тексеру кезінде жолаушы орындығынан тапаншаға ұқсас зат табылды. Сонымен қатар жолаушылардың бірінің барсеткасынан 48 құтыда өсімдік тектес есірткі заты табылды, болжам бойынша “гашиш”. Заттың жалпы массасы 47,10 грамм.
Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты бірден екі қылмыстық іс қозғалды. Қаруды заңсыз алып жүргені үшін күдіктілерге екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, ал есірткі заттарымен заңсыз айналысу 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді.
Ағымдағы жылдың басынан бері елорда аумағында 136 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан 253 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.