ТҮРКІСТАН, 24 тамыз. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Кентау пробация қызметінің ұйымдастыруымен «Радикалды діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында семинар өтті, деп kazislam.kz сайтына сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды .
Аталған шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алу және олардың профилактикасы бойынша бөлінген мақсатты топтар немесе дінге сенуші азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Түркістан облысының дін істер басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теолог маманы пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Семинарға он бес сотталған азамат қатысты.
Статистикаға сүйенер болсақ, дінге қызығушылық білдіретін адамдардың басым бөлігі қажетті мағлұматтарды ғаламтор немесе әлеуметтік желі арқылы іздейді. Қазіргі таңда еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламтордан ашатыны баршаға белгілі. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.
Семинар барысында сөз алған қалалық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Атабек Исаев: «Радикалды діни ағымның жетегіне еріп, өзінің қателігін кеш түсінгендер жетерлік. Бұл семинарды ұйымдастырудағы мақсатымыз, пробация есебінде тұрған сотталғандар теріс ағымды діннің жетегінде кетпей дұрыс жолды таңдаса екен деймін. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез келген орындардан, сонымен қатар рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Сондай-ақ, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар, – деді ол.
Заман талабына сай күн өткен сайын әртүрлі жаңашылдық елімізге еніп жатыр. Ғаламтордың адамға пайдасы зор. Бірақ, біз осы мүмкіндікті теріс әрекетке жұмсап жіберетін кездер де болады.
Қазіргі жастарымыз діни сауттылықты мешіттерде арнайы дәріс беретін имамдардан алудың орнына, әлеуметтік желіде таратылып жүрген видороликтер мен жазбалардан алғанды жөн санайды. Кейбір сайттарда дінді дұрыс насихаттаса, енді екіншісі дінді бұрмалап теріс пікір қалдыратыны жасырын емес. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын тарататыны жасырын емес. Дінге бет бұрғысы келген жастарымыз осындай теріс ниетті діндарлардың жетегіне еріп, қатесін кеш түсініп өкініштен өзегі өртенген азаматтарымызда кездеседі.
Семинарға қатысқан пробация есебінде тұраттын азаматтар дінтанушы-теолог маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.