НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек. АҚШ президенті Джо Байден 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін елде енгізілген төтенше жағдай режимін бір жылға ұзартты, деп жазады РИА Новости Ақ үйге сілтеме жасап. Бұл туралы «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«2001 жылы 14 қыркүйекте террорлық қауіпке байланысты елде жарияланған төтенше жағдайды тағы бір жылға ұзартамын», — делінген хабарламада.
Террорлық қауіп-қатердің сақталуына байланысты төтенше жағдайдың ұзартылғаны атап өтілді.
2001 жылдың 11 қыркүйегінде лаңкестер басып алған екі жолаушы ұшағы Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылып, оларды толығымен қиратты. Сондай-ақ лаңкестердің бақылауындағы тағы бір ұшақ Вашингтондағы Қорғаныс министрлігі ғимаратының батыс қанатына соғылды. Лаңкестер басып алған төртінші жолаушылар лайнері Питтсбург (Пенсильвания штаты) қаласына жақын жерде құлап, апатқа ұшырады. Ресми мәліметтер бойынша, Нью-Йоркте 2749 адам, Вашингтонда 189 адам, Пенсильванияда 44 адам қаза болды.