АСТАНА, 29 қыркүйек. Дүйсенбі күні Буркина-Фасоның солтүстігінде содырлар жабдықтау колоннасына шабуыл жасап, 11 сарбаз қаза тапты, деп сейсенбі күнгі үкімет мәлімдемесінде хабарланған. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасай отырып «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Сум провинциясындағы Гаскинде коммунасы маңында әскерилердің сүйемелдеуімен Джибо қаласына бара жатқан жабдық тасымалдау колоннасына лаңкестер шабуыл жасағаны атап өтілді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 11 әскери қызметкер қаза тауып, 28 адам жараланды, оның ішінде 20 сарбаз, 50-ге жуық бейбіт тұрғын із-түзсіз жоғалды, делінген хабарламада. Шабуыл айтарлықтай материалдық шығын әкелді. Шабуыл жасағандар іздестірілуде.
Буркина-Фасодағы қауіпсіздік жағдайы 2015 жылдан бері нашарлады. Батыс Африкадағы осы елде мыңнан астам адам шабуылдардың құрбаны болды, 1,9 миллионнан астамы босқынға айналды.