АСТАНА, 03 қараша. Канзас штатының тумасы, «Ислам мемлекеті» * лаңкестік тобында әйелдер батальонын басқарған Эллисон Флук-Экрин өз елінде 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп АҚШ әділет министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап«Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
«АҚШ азаматшасы Вирджиния штатының Шығыс округінде Ирак пен Левант Ислам мемлекеті ұйымының атынан Сирияда әйелдердің әскерилендірілген батальонын ұйымдастырып, оны басқарғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды», — делінген министрлік таратқан хабарламада. Флук-Экрин 2022 жылдың 28 қаңтарында қамауға алынды.
Сот құжаттарына сәйкес 42 жастағы Флук-Экрин 2011 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың мамырына дейін Сирия, Ливия және Ирактағы лаңкестік әрекеттерді дайындауға қатысқан, сонымен қатар кейбір мүшелері небәрі 10 жаста болған, 100-ге жуық әйелдер мен қыздардан тұратын «Хатиба Нусайба» әскерилендірілген батальонын басқарған. АҚШ азаматшасы оларды автоматтан атуға, граната қолдануға және жанкешті белбеулерін жаруға үйреткен.
Флук-Экриннің балалары сотты оған барынша қатал жаза беруге шақырған. Үкімді тыңдау кезінде сот Флук-Экриннің кәмелетке толған қызы мен кәмелетке толған ұлы ұсынған екі бөлек хатты хаттамаға енгізді, онда олар анасының өздеріне қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық көрсеткені туралы айтылған.
* ИМ (ДАИШ) – Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым