АСТАНА, 01 желтоқсан. Сәрсенбі күні Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясының орталығы Кветтада жанкешті шабуылынан төрт адам, соның ішінде бір полиция қызметкері қаза тауып, 26 адам жараланды, деп аймақтық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлады. Бұл туралы «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Құрбандар арасында екі бала мен олардың анасы бар. Жарақат алғандар жергілікті ауруханада емделіп жатыр, деп хабарлады денсаулық сақтау департаментінің өкілі Васим Баиг Синьхуа агенттігіне.
Бұған дейін Кветта полициясының бас инспекторының орынбасары Гулам Азфар Махесар Синьхуа агенттігіне Кветтаның Балели ауданында жанкешті көлігін полиция жүк көлігінің қасында жарып жібергенін мәлімдеген. Жарылыс толқыны көлікті аударып, шұңқырға лақтырып жіберді, деп қосты ол.
Шабуылға ұшыраған полицейлер балаларды полиомиелитке қарсы екпе жасап жатқан дәрігерлерді қорғауға бара жатқан.
Г.А.Махесардың айтуынша, алдын ала тергеу лаңкестің шамамен 25 келі жарылғыш зат қолданғанын көрсетті.
Полиция мен қауіпсіздік күштері аймақты қоршауға алып, аймақта іздеу операциясын бастады.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, шабуылды тыйым салынған «Техрик-и-Талибан Пәкістан» ұйымы өз мойнына алды.