ПЕТРОПАВЛ, 01 шілде. СҚО полицейлері мониторинг барысында діни материалдарды заңсыз таратудың жолын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Діни заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру Солтүстік Қазақстан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Жыл басынан бері жеті құқық бұзушылық анықталды.
“YouTube” видеохостингіне мониторинг жүргізу барысында діни сипаттағы бейнематериалдарды тарату фактісі анықталды. Аталған факті бойынша Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғыны анықталды, оған қатысты әкімшілік материал жинақталды. Мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы басқа материалдарды таратуды үш айға тоқтатумен, қала тұрғынына ҚР ӘҚтК 490-бабы 1-бөлігі 3-т. бойынша 132 мың теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасында тыйым салынған “Ата-Жолы” оккульттік-мистикалық діни ағымының әдісі бойынша тұрғындарға дәстүрлі емес емдеу қызметін көрсеткен Петропавл қаласының екі тұрғынына ҚР ӘҚтК 489-бабы 10-бөлігі бойынша 50 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берілетінін ескертеді. СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Алмас Шитқановтың айтуынша, аталған бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады. Жыл басынан анықталған жеті факті бойынша алты адамға 50-ден 100-ге дейінгі АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Бір материал сараптамада.