НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани радикалды «Талибан» қозғалысының қалған 400 мүшесін босату туралы жарлыққа қол қойды, деп TOLO News телеарнасына сілтеме жасап Sputnik Тәжікстан хабарлайды.
Дереккөздердің хабарлауынша, 400 тәлібті босату туралы жарлықтан басқа, Ғани Ауған ұлттық қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерін түрмеден босату туралы құжатқа қол қойды.
Жексенбі күні Ауғанстан халық өкілдерінің жалпыұлттық кеңес мүшелері (Лойя Джирга) қалған 400 «Талибан» (ҚР-да тыйым салынған ұйым) мүшесін босату туралы шешім қабылдады, бұл ауғанаралық келіссөздерге жол ашады.
Ауғанстанда билік пен тәлібтер арасындағы тұтқындармен алмасу жалғасуда. Кабул ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған 400-ге жуық содырды босатудан бас тартқан. Оларды босату туралы мәселені Ауғанстан халық өкілдерінің жалпыұлттық кеңесіне шешуге тапсырды.
2020 жылдың ақпан айының соңында Катарда өткен салтанатта Америка Құрама Штаттары мен «Талибан» 18 жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезіндегі алғашқы бейбіт келісімге қол қойды, онда шетелдік әскери күштердің Ауғанстаннан 14 ай ішінде шығарылуы және тұтқындармен алмасу туралы келісім жасалғаннан кейін ауғанаралық диалогтың басталуы қарастырылған.