НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан. Нұр-Сұлтанда Рухани келісім күні және Дүниежүзілік рухани мәдениет форумының 10 жылдығына орай жоспарланған “Рухани келісім – бейбітшіліктің негізі” атты халықаралық онлайн-конференция өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, «Бейбітшілікке мәдениет арқылы» халықаралық ассоциациясының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов, діни бірлестіктердің өкілдері, конфессияаралық келісім мен қауіпсіздік саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшы ғалымдар қатысты.
Елордалық дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов “Егемен Қазақстанның құндылықтарының бірі өмірдің түрлі аспектілерін қамтитын руханият болып табылады”, – деп атап өтті.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы таңдаған бітімгершілік саясаты жаһандағы ықпалды арттыратын платформаға айналды. Елбасы зорлық-зомбылық, діни экстремизм мен терроризм сияқты заманауи сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеру үшін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге бастамашы болды. Қала бейбіт келіссөздер алаңына айналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында айтқандай, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға күн сайын үлес қосып келе жатқан түрлі діни бірлестік өкілдерінің рөлін атап өткен жөн», – деді Нұрдәулет Әлмұханов.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 40 түрлі конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері тұрады. Елімізде 3 200-ге жуық діни ғимараттар, 4 000-ға жуық діни бірлестіктер жұмыс істейді.
Айта кетейік, Рухани келісімнің бірінші дүниежүзілік конгресі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 18 қазанда Алматыда өткен болатын. Бұл күні Конгресс қатысушылары 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялайтын манифест қабылдады.