НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Гүлмурод Халимовқа қатысты санкция мерзімін созды. Тәжікстан ІІМ арнайы қызметінің бұрынғы командирі 2015 жылы елден қашып, бірнеше елде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» тобына кірген, деп centralasian.org жазады.
Қауіпсіздік кеңесінің жаңарған тізімі 21 қазанда жарияланды. 2015 жылы Кеңес ИМ және «Әл Қаидаға» кіретін адамдарға, топтарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға санкция салған.
Халимовқа қатысты санкция мерзімін созу — қашқын полковник әлі тірі дегенді білдіреді.
Биыл тамыз айында Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода бұрынғы командир Гүлмурод Халимов Сирияда бомбалау кезінде өлді деп мәлімдеген. Алайда ол полковник өлімін ресми түрде растаудан бас тартты.
«Қолға түскен содырлардан, басқа да дереккөздерден алған мәліметке қарағанда, Халимов пен оның отбасы Сириядағы операциялардың бірінде өлген. Алайда Гүлмурод Халимов өлімін ресми түрде растай алмаймыз», — деген министр.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тізімінде Халимов тұратын мекен ретінде Сирия көрсетілген.
Гүлмурод Халимов — осы тізімге кірген жалғыз тәжік азаматы.