АҚТАУ, 06 желтоқсан. Ақтауда “Ақниет” ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының теологы Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамына “Бейбітшілік пен келісімге жол” тақырыбына дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара қоғамда тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша мемлекет іске асырып жатқан шараларды түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде ұйымдастырылды.
Теолог дәріс барысында қоғамды діни экстремизмнен шынайылық, білім беру, қайта тәрбиелеу және реформалар арқылы қорғау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, оқшаулаудың әлеуметтік және психологиялық түп тамырын түсіндіре отырып, зорлық-зомбылықты мақұлдайтын әлеуметтік және психологиялық факторларды анықтау керектігін жеке құрам назарына жеткізді.
Дәріс соңында қызметкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауаптар алып, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша шараларды кеңінен талқылады.