ТАРАЗ, 16 желтоқсан.Қазақстан-қырғыз шекарасында шекарашылар героиннің ірі партиясын ұстады, деп ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
2020 жылғы 10 желтоқсанда инспекциялық-тексеріп қарау кешені мен «Джек» деген лақап атты қызметтік итті пайдалана отырып, автомобиль өткізу пунктінде Қырғызстаннан Қазақстанға «Б» деген азамат жүргізіп бара жатқан «Toyota Prado» автомашинасында қарап тексеруден жасырылған ерекше иісі бар ақ-сұр түсті заты бар пакеттер анықталды.
Ұсталып, алынған зат одан әрі іс жүргізу іс-қимылдары үшін ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментіне тапсырылды.
2020 жылғы 11 желтоқсанда сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген заттың салмағы 60 килограмм 370 грамм героин екені анықталды.
Қылмыстық кодекстің 286-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы, осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттің 4-бөлігі – мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады).