АЛМАТЫ, 24 ақпан. 25 ақпанда Алматыда дабыл (сирена) белгісі іске қосылады, деп хабарлайды zakon.kz.
Қаланың төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша, бұл жоспарлы тексеру жұмысы болып табылады.
2021 жылы 25 ақпанда сағат 12.55-те Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қоғамдық ескерту жүйесінің дайындығын жоспарлы техникалық тексеруден өткізеді. Жаттығу кезінде: «Назар аударыңыздар!» хабарламасымен бірге электронды дабыл іске қосылады. Оған қоса, телерадиоарналардың жұмысы автоматты түрде тоқтатылып, дабыл хабарламасы таратылады, деп хабарлайды құзырлы ведомства.
Департаменттегілер Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарынан сабыр сақтауды сұрайды.
Егер дабыл кезінде сіз үйде болсаңыз, онда:
— радиоқабылдағышты немесе теледидарды қосыңыз;
— төтенше жағдай туралы хабарламаны тыңдаңыз;
— берілген хабарламаға сәйкес әрекет етіңіз.
Егер дабыл кезінде көшеде болсаңыз, онда:
— көшедегі дауыс зорайтқыштармен және мобильді ескерту құрылғыларымен жіберілген төтенше жағдай туралы хабарламаға құлақ асыңыз;
— берілген хабарламаға сәйкес әрекет етіңіз.