НҰР-СҰЛТАН, 02 наурыз. Көлік полицейлері есірткіні пойызбен тасымалдаумен айналысатын бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақпан айында көлік полицейлері арнайы іс-шара кезінде Нұр-Сұлтан, Павлодар, Семей және Екібастұз қалаларының аумағында есірткі тарату мақсатында пойызбен тасымалдап жүрген бір топ адамды анықтап, ұстады», — деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.
Оның айтуынша, топ психотроптық заттарды әлеуметтік желілерде кэш-бетбелгі арқылы сату үшін «FaskGood» деп аталатын интернет-дүкен ашқан.
Тінту барысында 2 мыңнан астам доза психотроптық заттар, сондай-ақ оларды өлшеп-орауға арналған құрылғылар тәркіленді.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — дейді полиция полковнигі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.