ШЫМКЕНТ, 16 наурыз. Шымкентте синтетикалық есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырып жүрген азаматтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 12 ақпанында Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел алдын алу іс-шараларын жүргізді.
Нәтижесінде қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын бөлшектеп, сатуға даярлау арқылы жасырын орындарға қалдырып жүрген үш адам ұсталды. Олардың біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болса, қалған екеуі Түркістан облысының тұрғындары.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері аталған азаматтардың есірткі заттарын жалпы 65 орынға жасырып қойғанын анықтап, тәркілеп алды.
Сарапшының мәліметі бойынша тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 60 граммнан астам.
Полиция қызметкерлері аталған жайтқа қатысты азаматтардың іс-әрекетіне тексерудің нәтижесі бойынша құқықтық баға беретін болады.