Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

ҚР ІІМ: Оңай ақша табу үшін жасөспірімдер есірткі сатады

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз. Бүгінде қылмыскерлер есірткі сату мен тарату үшін интернетті жиі пайдаланатын болған. Тіпті жоғары жалақы мен жұмыс ұсынып, заңсыз бизнеске ергендердің қатарын көбейтуде. Елімізде есірткімен күрес қалай жүргізілуде? Қазақстанның қай қаласы есірткі қылмысы бойынша көш басында? Бұл туралы  ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бахытжан Әмірхановтың Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтып берді. 

– Биылғы статистикаға тоқталып өтсеңіз. Жалпы Қазақстанда осы жылы тасымалы жəне саудасына байланысты қанша оқиға тіркелді? Оның қаншасы қылмыстық жауапкершілікпен аяқталды?

– 2021 жылдың 7 айында есірткі қылмыстарын тіркеудің оң серпіні байқалады. Осылайша, есірткіге байланысты 4614 құқық бұзушылық (былтыр бұл көрсеткіш 4222 болған еді), оның ішінде 1510 есірткі қылмысы, 920 есірткіні өткізу фактісі анықталды. Аса ірі көлемде есірткі сақтаудың 247 дерегі тіркелді.

Есірткі бизнесі саласындағы 8 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды, олардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. 9 т 273 кг есірткі, оның ішінде 4 кг аса героин, 46,7 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. 2021жылдың 7 айында 2522 адам жауапкершілікке тартылған.

– Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны азайды ма?

– Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерге  сүйенсек, өткен жылдың  7 айымен салыстырғанда қылмыстар санының өсуі байқалады, яғни заңсыз есірткі айналымы саласында көбірек қылмыс анықталып, тіркелген. Сандық деректердің өсуін оң динамика деп бағалауға болады. Себебі бұл, басқа қылмыс түрі сияқты  емес, латентті қылмыс болып табылады.

– Қазақстанның қай өңірі есірткі қылмыстарына байланысты тіркелген қылмыс бойынша көш бастап тұр? Қай аймақта қылмыстың бұл түрі ең аз кездеседі?

Нақты дөп басып мына өңірде есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар көп аз деп айтуға болмайды, себебі статистикалық мәліметтерге сәйкес ағымдағы жылдың 7 айында елімізде  тіркелген 4600-ден аса есірткі құқық бұзушылығының ең көп тіркелген өңірлердің ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл облысы көш бастап тұр.

Ал ең аз есірткі құқық бұзушылықтары орын алған жерлерге келсек Павлодар, Атырау және Қызылорда облыстарын атауға болады.

– Карантиндік шектеулер кезінде есірткі саудасымен күрес қалай жүргізілді?

– Ішкі істер органдарының штаттық режимде  жұмыс істеуіне  байланысты  карантиндік шектеулер  айтарлықтай кедергі келтірген жоқ деп айтуға болады.

Қазіргі таңда нашақорлық профилактикасы COVID-19 байланысты карантиндік шектеулерді ескере отырып жүргізіледі.  Көптеген іс-шаралар он-лайн  форматына көшірілді. Ағымдағы жылы 2528 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Ол дегеніміз –  интерактивті сабақтар, акциялар, семинарлар, оқушыларға арналған он-лайн сайыстар және отбасылық сайыстар.

Заманауи есірткілер мәселелері бойынша  ата-аналарға арналған бейнедәрістер және колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған есіртікінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы дәрістер  жергілікті жерлерге жолданды.

– Соңғы кездері интернет, əлеуметтік желі арқылы есірткі саудалайтындардың қатары көбейген. Тіпті, олар оңай жұмыс береміз деп жастарды өз құрықтарына түсіруде. Мұндай қылмыскерлермен күрес қалай жүргізіледі?

– Қазіргі таңда интернет технологиялардың дамуына және сұраныстың синтетикалық есірткілерге көптеп болуына байланысты  есірткі  саудасы түрлене түсті. Бұрынғыдай белгілі  бір адаммен кездесіп қолма қол ақша арқылы  алу  әдісі  келмеске кетті десек те болады.

Бұл бір жағынан  есірткінің заңсыз айналымында  жаңа психобелседі заттардың  пайда болуымен де  тығыз байланысты. Сауданың  басым бөлігі  интернет-дүкендер, әлеуметтік желілер, Qiwi–әмиян сияқты қосымшалар арқылы жүзеге асырылады.

Осы орайда ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингі жүргізіледі.

Анықталған интернет-ресурстарға қатысты серверден ішінара ағыту бойынша іс-шаралар жүргізіледі, нәтижесінде олардың беделіне нұқсан келтіріліп, біршама клиенттерінен айырылады. Осылайша, жүйе қолданушылары Интернет-ресурстарға қол жеткізе алмайды.

Онлайн-режимде қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік беретін күмәнді Интернет-ресурстарға, оның ішінде есірткіні жарнамалайтын және өткізетін ресурстарға «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі енгізілді және нәтижелі пайдаланылуда. Анықтау жұмыстары жалғасуда және есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенттері бар аккаунттар мен басқа да ресурстарды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасуда. Қазір олардың саны 810-нан астам сайтты құрады.

2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптарға сәйкес есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.   Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім ұйымдарында немесе   адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметік жағдайын пайдаланып жасалса, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Сондай-ақ, Электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізу 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеледі. Олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.

2020 жылы  аталған баптар бойынша 138 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның ішінде: 106 қылмыстық іс есірткі жарнамасы фактісі бойынша, 32 қылмыстық іс интернет- ресурстарын қолдану арқылы есірткі өткізу (сату) фактісі бойынша іс қозғалды.

Осы жылдың 7 айында есірткі жарнамасының 61 фактісі, Интернет жүйесі арқылы есірткі өткізудің 56 фактісі тіркелді.

– Өзінің есірткі таратып жүргенін білмеген азаматтарды қолға түсірген кездер болды ма?

– Есепті кезеңде аталған фактілер тіркелген жоқ. Себебі, әрбір қылмысткерді  ұстау  алдында азаматтың есірткі тасымалы мен өткізуге қатысы  бар екендгі туралы дәлелдер жинау бойынша жедел-тергеу жұмыстары  жүргзіледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес субъективтік жағы қылмыс құрамының бір бөлігі болып табылады, яғни қылмыстық әрекет жасауға ниеттену, ол ниет дәлелденген кезде  тұлға  қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осылайша, есірткі тасымалының субъективтік жағы тікелей ниет түріндегі кінәсімен сипатталады. Тұлға есірткі  құралдарына қатысты өзінің әрекеттерінің құқыққа қайшы екендігін ұғына отырып, осы әрекетті жасағысы келеді.

 

– Қылмыскерлер интернеттен бөлек, есірткі сатуға жəне таратуға басқа қандай амалдар қолданады?

– Қазіргі кезде ғаламтор арқылы  есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жасау  ерекше назарға алынғанымен, каннабистік және апиындық топтағы есірткінің дәстүрлі  түрлерінің айналымын естен шығармау қажет. Марихуана, гашиш және героин сияқты  есірткілерді қолма-қол тарату, яғни  өсіру, тарату, сату, тасымалдау және сақтау.

Сонымен қатар, соңғы 2 жылда біз алғаш рет есірткі өндіретін жасырын есірткі зертханаларының ауқымды желісіне тап болдық.

Ресейлік әріптестеріміздің көмегімен біз Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы ең ірі есірткі өндірісін жолға қойған трансұлттық ҰҚТ-ны құрықтадық.

Бұл жұмыс ағымдағы жылы да жалғасуда, осылайша, Қарағанды облысында трансұлттық ҰҚТ қызметінің жолы кесілді, Алматы қаласында ресейлік әріптестерімен бірлесіп «мефедронды» жеткізу арнасына  тосқауыл қойылды. 2021 жылдың 7 айында 11 есірткі зертханасы жойылды.

– Байқағанымыздай, есірткі саудасымен айналысатындардың əдіс-тəсілдері үнемі жаңарып, ауысып отырады. Осыған орай, департамент тарапының қызметкерлері оларды дер кезінде анықтап, жолын кесу үшін қандай шараларды жүзеге асырады?

– 2018 жылы есірткі нарығындағы жағымсыз өзгерістерге дер кезінде ден қою мақсатында Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу тетігін жеңілдететін нормалар қабылданды, оның тиімділігін біздің шетелдік әріптестеріміз мойындады және бейінді халықаралық ұйымдар.

Нәтижесінде, соңғы бірнеше жылда ең қауіпті синтетикалық есірткілерді алу көлемі 50 еседен астам артты (2018 жылы 1,8 кг –дан 2020 жылы 100 кг – ға дейін).

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде граффити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.

Есірткі құралдарын пайдалануға арналған притон ұйымдастыру және ұстаудың 7 фактісінің жолы кесілді. Контрабанданың 70 фактісі анықталды. Есірткі кірістерін заңдастыру фактісі бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды.

Өткен аралықта синтетикалық есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 741 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның ішінде  251 өткізу, 62 сақтау, 1 контрабанда, 66 насихаттау және 361 теріс қылық.

Каннабистік топтағы есірткілерді Шу алқабынан шығару арналарына тосқауыл қою және есірткі өндірісінің алдын алу мақсатында Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының құрамында «Дельта-Долина» арнайы бөлімшесі  құрылған.

Құрамында есірткі бар қарасораның өсу және пісіп жетілуі кезінде 1 маусым мен 30 қазан аралығында жыл сайын «Қарасора» кең ауқымды операциясы өткізіледі.

Өткен жылы іс-шара барысында 849 қылмыс, оның ішінде 394 өткізу, 168 заңсыз сақтау және 234 қарасораны өсіру фактісі анықталды.

Заңсыз айналымнан 21 тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 5,5  т марихуана, 300 кг жуық гашиш және 60 кг артық синтетикалық есірткі.

Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 62 егістік жойылды. Оның жалпы ауданы 260 гектарды құрады. Осы ретте  салмағы 20 тонна болатын 53 мың түп қарасора өртенді.

Дәріханалық нашақорлықпен күрес мақсатында елімізде есірткі құралдардың, прекурсорлардың заңды айналымы саласында бұзушылықтарды,  сондай-ақ  күшті әсер ететін дәрілік препараттарды рецептсіз сату  фактілерін анықтауға бағытталған тоқсан сайын «Дәрмек» жедел профилактикалық  іс-шарасы өткізіледі.

Сондай-ақ, тұрақты негізде есірткінің заңсыз айналымы саласында ТМД  елдерінің ішкі істер органдарымен ҰҚКҰ, ШЫҰ және БҰҰ есірткіге қарсы құрылымдарымен іс-қимыл жасалады. ҰҚКҰ және ШЫҰ аясында жыл сайын «Канал», «Паутина» жедел-профилактикалық операциялары жүргізіледі.

–  Есірткі саудасы мен тасымалына кəмелет жасына толмағандарды тартқандар болды ма? Олар балаларды қалай алдайды? Жалпы, мектеп, колледж, университет аумағында есірткі сатумен айналысқандарды анықтаған кездеріңіз болды ма?

–  ҚР Бас Прокуратурасы  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес 2021 жылдың 7 айында есірткі  құралдардың, психотропты  немесе улы заттардың  заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жасөспірімге қатысты 7 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Оның ішінде 1 факт есірткі өткізу, 3 факт заңсыз тасымалдау және 3 қылмыстық теріс-қылық, яғни аз мөлшерде есірткі сақтаудың 3 фактісі.

Есірткіні өткізу бойынша ұсталған кәмелетке толмаған оңай ақша табу үшін сол әрекетке барған. Заңсыз сақтау бойынша ұсталған басқа кәмелетке толмағандар есіріткіні өздері тұтыну үшін алған.

Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 4-бөлігімен есірткіні көрінеу  кәмелетке толмағанға сату немесе білім беру ұйымдарында өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады. Өткен аралықта мұндай фактілер тіркелген жоқ.

– Елімізде есірткі сатушыларды жасырып, қорғаштап келген қанша полиция қызметкері сотталды?

–  Статистикалық мәліметтерге сәйкес полиция қызметкерлері тарапынан қызметкерлерге қамқорлық жасау фактілері тіркелмеген. Алайда ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 4-тармақшасында қылмысты ауырлататын жағдайлар ретінде  «лауазымды адам қызмет бабын пайдалана отырып жасаған» деген диспозиция көзделген. Ол ауыр қылмыс болып табылады.

Осы ретте ағымдағы жылдың 7 айында есірткі қылмыстары үшін 5 қызметкер жауапкершілікке тартылған.

– Қалай ойлайсыз, есірткі саудасымен немесе тасымалымен айналысқандарға  қатысты  жазаны қатаңдату қажет пе? 

–  Қолданыстағы заңнамаға сәйкес заңсыз есірткі айналымы саласындағы  аса ірі мөлшерде сақтау,  есірткі өткізу сияқты қылмыстар ауыр қылмыстар санатына жатады. Оларға көзделген жаза да сәйкесінше ең ауыр  түрі мүлкін тәркілей отырып 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.

Сондай-ақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей Президентіміздің  тапсырмасы бойынша 2019  жылы  Қылмыстық Кодекске есіртікінің жарнамасы үшін  қылымыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа бап қосылып, бірнеше бапқа жазаны күшейту көзделген толықтырулар енгізілді.

Сол себепті қазіргі таңда жазаны қатаңдату мәселесі өзекті деп санамаймын.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *