ПЕТРОПАВЛ, 06 қазан. Солтүстік Қазақстан облысында террористік тұрғыда осал 707 объекті бар, оның ішінде 377-сі білім беру мекемелері, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 мамырда антитеррорлық қызметті реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Осыған орай СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында білім беру мекемелері өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізді. Оқу орындарының барлығы террористік тұрғыдан осал нысандар қатарына жатады.
Онлайн кездесу барысында полиция қызметкерлері осы заңның маңызды аспектілерін егжей-тегжейлі жеткізіп, барлық білім беру орындарына қатысты талаптарды жеткізді. Соның бірі — «дабыл баспасының» болуы. Бұдан басқа полиция қызметкерлері дағдарыс жағдайы туындаған сәтте қызметкерлердің іс-әрекеттері туралы білімді нығайту үшін қабылдануы қажет алдын алу шаралары туралы айтты.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да террористік тұрғыда осал 707 нысан бар, оның 377-сі білім беру мекемелері. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл нысандарға бірқатар талаптар қойылған. Яғни білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен қамтылып, бақылау-өткізу пунктін орнатуы қажет. Сондай-ақ, хабардар ету құрылғысының болуы да міндетті.
«Оқу орындарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Жыл басынан бері осы нысандардың басшылары және қызметкерлерімен барлығы 73 кездесу өткізілді, дәлірек айтқанда 6 мыңнан астам қатысушыны қамтыдық»,- дейді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.