НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан. Душанбе қалалық соты жарты тонна есірткімен ұсталған қылмыстық топ өкілдерінің ісін қарай бастады, деп Орталық Азия жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Бұл топқа 23-тен 57 жасқа дейінгі алты адам кірген. Оны «Азизи хонасоз» лақап атымен белгілі Азизулло Абдуллоев басқарған. Есірткі сатушылар биыл 20 шілдеде Құрбан айт күні ұсталған.
Тәжікстанның ішкі істер министрлігі 13 қазанда трансұлттық қылмыстық топ көп уақыттан бері Ауғанстан есірткісін Орталық Азия елдері арқылы Еуропаға жіберіп отырғанын хабарлаған.
Топ басшысы, 46 жастағы Азизулло Абдуллоев Тәжікстанда «Бунёдкори аср» құрылыс компаниясын басқарады. Компания қызметкерлері басшысының ұсталғанын растады.
Ол 2005 жылы Ресейде алаяқтық және заңсыз есірткі сату айыбымен сотталған.