Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша.XXI ғасырда халықаралық терроризм қатерлі деңгейге көтеріле бастады. Оның салдарын Қазақстан да сезінді. Әсіресе 2012 жыл осындай оқиғаларға толы болды. Сол жылғы оқиғалар хроникасына қарайтын болсақ, (олардың бәрі теракті ретінде танылған жоқ, олардың бәріне «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің қызметкерлері қатыстырылмады), экстремистік шабуылдар қазақстандықтардың үрейін ұшырды. Террордың ызғарлы демі барлығын алаңдатты.

Бүгінде ҰҚК-нің «жауынгерлік қанаты» болып табылатын қызметте тамаша өткізілген арнайы операциялар жетерлік, онда жауынгерлер алға қойылған міндеттерді тиімді орындауға қабілетті екендіктерін дәлелдеді.

Солардың бірқатарына толығырақ тоқталып өткіміз келеді.

«Көбікке көмілген»

«Куба», мені қорға!» – деп «Стамбул» жауынгер жолдасына қысқаша бұйрық берді…

«Стамбулдың» жүрек қалауымен келген «А» арнаулы бөлімшесінің жауынгеріне лайықты қасиеттерді бойына сіңіргеніне 6 жыл өтіпті. Шекарашылық әскери білімі бар қарапайым ауыл баласының өз-өзімен айналыспаған бірде бір күні жоқ. Жауынгерге сын сағатта өте қажет болатын денесі мен ойлау жүйесін шынықтырған ол мүлт жібермей атуды үйренді, қару-жарақтың жаңа түрлерін меңгерді. Түз баласының асау мінезін байқаған әріптестері оған «Стамбул» деген шақыру белгісін берді.

2012 жылғы 21 маусым «Стамбул» үшін қарапайым күндердің бірі болатын, яғни шабуылдау ғимаратындағы сабақта жігіттермен бірге «бөлмені тазалау» тақырыбын пысықтап жатқан-ды. Бөлім бастығы «Капралға» кезекші телефон соғып, «Жауынгерлік дабыл, бәрі жиналсын!» деген бұйрықты жеткізді, ал «Капрал» болса байсалды даусымен түк болмағандай: «Сабағымыз тағы да үзілді, тез жиналамыз, жігіттер!» — деді. Дегенмен, ол біздің барлық сабағымыздың емтиханы осы екендігін іштей түсінетін…

Басқарма бастығы «Найманның» жылдам жүрісіне қарап, акт залында отырған біздер оның көңіл-күйі салқын екендігін сезіндік, артық-ауыз сөзі жоқ құрғақ пәрмен берілді: «Жігіттер, шұғыл түрде Ақтөбеге ұшамыз, жедел жағдайды жол-жөнекей айтамын».

Арада үш сағат өткенде біз Ақтөбе қаласына жетіп, жедел қызметкерлермен бірге терроршыларды іздестіре бастадық. Бірінші кезекте қаладан қашпақшы болған олардың сыбайластарын вокзалда ұстап үлгердік. Осылайша терроршылар туралы алғашқы ақпаратқа қол жеткіздік.

Террорға қарсы іс-шараның басы осылай басталды…

Бұл күні жаңбыр құйып тұрды. Арнаулы қызмет жауынгерінің күнделікті киім-кешегі 35 кг шамасында болады. Бронды кеудеше «РЭЙД-Л» костюмі су болып, тағы 10 кг-ға ауырлай түсті. Біз «Бүркіт» бөлімшесінің жауынгерлерімен бірге тізбекке тұрып, әрбір мазарды жіті қарап, зиратты «тазалай» бастадық. «Тазалауымызды» аяқтап болмай жатып жаңа пәрмен келді: «Терроршылар техникалық қызмет көрсету стансасында», біз автобусқа жүгірдік.

Иә, кейбір кезде жедел жағдай аяқ астынан өзгеретіндігі бар, әсіресе, қай жерден қауіп-қатер келетіндігін сезбей қаласың, әрине, бізді сол үшін де маман дейді, барлық жағдайға дайын болуымыз керек…

Вокзалға келген кезде адамдардың көптігін көрдік: әскерилер, қарапайым  адамдар. Полицейлердің бірі қолымен көрсетіп, соңымыздан айқайлады: «Олар ана жақта, олар ана жақта!». Әрине, барлығы үрей үстінде болды, қарулы терроршылар туралы жаңалық шағын қала үшін төбеден жай түскендей әсер етті.

Алғашқы пәрмен «Аулаға кіру!» болды. Ауладағы техникалық қызмет көрсету стансасының маңынан байқағанымыз, көршілес гараждарға тығылған адамдар болды, көздеріндегі қорқынышты айтпай білуге болар еді…

Айналаны бағдарлап болмай жатып кенеттен оқ атылып, қоршап тұрған топтағы СОБР-дың бір жауынгерінің құлағанын көрдік. Жарықшақ басына қарай ұшып, оң жақ қасының үстіне тиіпті. Барлығы бізге қарады, біз жауынгерді құтқаруға кірістік. Біздің жігіттер техникалық қызмет көрсету стансасының терезесінен атылып жатқан оқтың астымен өтіп, жаралы жауынгерді алып шықты, осылайша оның өмірін арашалап қалды. Жағдайдың қиындығын байқаған соң, террорға қарсы операция өтетін аймақтағы барлық адамды эвакуацияладық.

Бұдан кейінгі жұмыс кәсіби жауынгерлерге берілді…

Техникалық қызмет көрсету стансасының ішінде не болып жатқандығын білу үшін топ командирі «Найман» жауынгер «Түрікменге»: «Техникалық қызмет көрсету стансасының терезесіне барынша жақындап, «Айсболды» лақтыр!» — деді. Аталған құрал үй-жайдың ішін бақылауға мүмкіндік береді, негізі осындай алдыңғы қатарлы технологиялар біздің қызметкерлердің өмірін сақтауға көмектеседі.

«Айсбол» қосылған планшеттің мониторынан «Стамбул» жаруға дайындалған оттегі баллондарын құшақтаған терроршыларды көрді. Шабуылдап кірудің мүмкін еместігін бәрі түсінді, ондай қимыл өзіңді өзің өлтіргенмен тең еді…

Штабтан оларды қалайда тірідей алу керектігі туралы тапсырма берілді, ал арнаулы бөлімше қызметкерлері пікір таластыруды ұнатпайды…

«Брэйнштормды» бастадық, терроршыларды үй-жайдан қалай шығарамыз деп ойлап қоямыз… Осы кезде күңкілдеп сөйлейтін «Түрікменнің» пікірі бәрімізге ой салды: «Кәнеки, оларды көбікке шомылдырайық, сол кезде жанатын компоненттер жарылмайды». Осы пікірдің негізінде қимылдай бастадық, яғни шабуылымыз оқулық бойынша өтпейтін болды.

Осы кезде топ командирі өз ұсынысын білдірді: «Мергендер топтың қимылын қолдап тұруы үшін стансаның қабырғасын БТР-мен қиратыңдар».

Әскери БТР гүрілдеп соғысқа кіріскенімен, өмірде бәрі басқаша болатындығы бар. Бірінші соққыны жасағаннан кейін-ақ ұрыс машинасының ілінісі жанып, БТР-дың жүргізушісі үрейленіп кетті. Бірақ «А» қызметі жауынгерлерінің «Қорықпа, біз сенімен біргеміз» деген сөзі оған тез әсер етіп, оның көңілі орнына түскендей болды. Жүргізуші өз-өзіне келіп, БТР-ды сөндіріп, рычагты екі қолымен бар күшін сала тартып, артқы жылдамдықты қосып, ұрыс машинасын оталдырды, біз жасырынатын орынға ойдағыдай жеттік. Жүргізуші бұзылған жерін ішінара жөндеп, «әзірге жүруге болады» деп мысқылдап қойды.

Мақсатымыз орындалды: 15 тонналық машинаның күшімен техникалық стансаның қақпасы майысып, саңылау пайда болды, енді оны толығымен ашу керек еді. Бізге есікті БТР-дың тросына ілу туралы жаңа міндет жүктелді.

«Хаким» қалқаншы «Бизонның» көмегімен қақпаны ілуге тырысты, осы кезде техникалық стансаның қараңғы бөлмесінен оқ атылып, «Хаким» жарақат алды. Бірақ соған қарамастан ол тапсырманы орындады.

Рупор арқылы қылмыскерлермен келіссөз жүргізушілер үнемі жұмыс істеп жатты, кейбіреулерінің ата-аналары да шақырылды.

Осы кезде біз жантүршігерлік көріністің куәсі болдық. Терроршылардың бірінің анасы қаруды тастауын өтініп еді, ал оған жауап қатқан баласы анасына: «Мыстансың, кәпірлерге көмекші боп жүрсің!» — деді. Терроршылармен болған келіссөз нәтиже бермеді.

Операция басталғаннан бергі екі тәулік бойы біз экипировкамызды шешкен жоқпыз, мүмкіндігіміздің шегінде жұмыс істедік. Қалқан ұстайтын «Бизонның» кигені салмағы 50 кг болатын бронды кеудеше, қолына ұстап жүретін қалқанның салмағы 25 кг. Осындай ыңғайсыздықтарға қарамастан, «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің жауынгерлері үшін жеңбейтін қиындықтың жоқ екендігін әрқайсымыз білетінбіз.

Шабуылға дайындық барысында «Иртыш» заряд дайындап, оны жарды, нәтижесінде қабырғада тесік пайда болды. Терроршылар болған үй-жайға 3 тонна өрт сөндіргіш көбік құйылып, одан кейін осыншама су жіберілді.

«Шабуыл! Шабуыл! Шабуыл!» — деген «Найманның» пәрмені естіліп, ұрыс машинасының көмегімен операцияны бастадық. Біздің келе жатқанымызды байқаған терроршылар «Аллах Акбар» деп айқайлап, оқ жаудыра бастады. Қарсыластың қарсы шабуылын тойтарғаннан кейін біз гараждың ішіне кіре бастадық. Қылмыскерлердің бірі босағадағы кірпіштің үстінде жатты, ал екіншісі бөлменің ішіне кіріп кетіп, көзден ғайып болды. Тобымыз тағы да жылжи бастағанда қарулы адам қайтадан шыға келді де, айқай салып, бізді ата бастады. Оны атып тастауға тура келді…

Террорға қарсы іс-шараның нәтижесінде екі терроршы қаза тауып, біреуі ауруханаға жеткізілді.

Астаналық бөлімшенің террорға қарсы алғашқы бір операциясы осылай өтті.

Халқымыз бейбіт аспан астында өмір сүруі үшін «А» қызметінің әрбір қызметкері өзінің өмірін өлімге байлай отырып, Отан күзетінде абыроймен тұруға дайын!

«Кері қарай санау»

«Бағанашыл» деген мен үшін қалай болса солай соғылған коттеджді шағын ауданға айналған жай ғана саяжай массиві емес, көпшілігіміз үшін таң шапағын қарсы алатын соңғы орын болып қалуы мүмкін еді.

2012 жылы тамыз айында ешкімге ештеңе айтпастан бізді кенеттен күзет шарасынан шақыртып алды. Президент қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз Мемлекеттік күзет қызметін тұрақты түрде күшейтуге қатысамыз.

Базаға келген кезде бөлім бастығы айқай салды: «Ауыр жағдайда жұмыс істеуге дайындаламыз!».

Ауыр жағдайда жұмыс істеудің не екендігін бәріміз түсінеміз, Боралдайдың жарасы әлі жазыла қоймаған кез еді, өмірден ерте кеткен «Таха» мен «Рауль» есімізге түсті.

Жігіттер тұрған жерде шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнады, амуницияның дайындық дыбысы мен қару-жарақтың сылдыры ғана естіліп тұрды. Осы отырғандардың барлығы бір-бірін қорғауы керектігін әрбір қызметкер іштей түсінді, ал үйлерінде оларды бала-шағасы, әйелі және туысқандары күтіп отыр.

Біздің қатарымызда жас жігіттер де көп болды, алғашқы тапсырмаға шығарда олардың қасынан өтіп бара жатқан кезде көздерінің оттай жанып, өз күштеріне сеніп тұрғандығын, есейіп ержеткендігін байқайтынмын.

Басыма бір ой келді: артқа қарай қайтуға жолың жабылған сол бір сәтте «қаның қайнайды» деген сөздің не мағына беретіндігін түсінесің, барлық қимылың рефлекторлық түрде жүріп жатады, осы уақытқа дейін қан төгіп, тер төгіп не үйрендің, соны санаң атқарып жатады.

Операция саяжайда өтті, әрбір үйде ит бар, әдепкіде иттер үріп, ұстау тобының жүргендігін білдіріп қоя ма деп ойлағанбыз, бірақ әскери позициямызды нақтылап, бекініп алған соң командирдің дұрыс шешім қабылдағандығын түсіндік, яғни шабуыл таңертең ерте, бәрі қалың ұйқы құшағында жатқан кезде басталады.

Бұған дейін қаладағы жер үйде жарылыс болып, одан бірнеше адамның мәйіті, құқық қорғау органдарының нысанды киімдері, автомобильдің құпия нөмірлері, әртүрлі органдардың куәліктері табылғандығы хабарланған болатын.

Қылмыскерлердің қанды ізі Бағанашыл саяжайындағы бір үйге алып келді.

Менің тобыма үйдің тыл жағынан кіру міндеті қойылды. Ол жерге бел жазбай еңкейіп жүріп, терезелердің астынан өткенде қылмыскерлер шыға келмеуін, тіпті граната лақтырып жібермеуін бақылап өттік.

Менің тобымның оң жағынан өздерінің бар-жоқтарын білдірмей «Арал» тобы өтті, жердің ой-шұңқырын пайдаланып, объектіге мүмкіндігінше жақындады, ал объекті дегеніміз мансардасы бар екі қабатты үй, ол негізгі объектімен бірге бір учаскеде орналасқан.

Радиостанция сөйлеп қоя берді: «Қыпшақ, жауынгерлік жағдайға!», «Арал жауынгерлік жағдайға!». Қас-қағым сәтті күткен менің тобымның командирі: «Үлкен, жауынгерлік жағдайға!» — деді.

Қайтып келер-келмесің белгісіз сәт басталды.

Адреналин қайнап тұрды, өзімнің бес саусағымдай білетін автоматты нығыздай ұстадым. Осындай сәттерде сені арқа жағыңнан жауынгер досыңнан басқа ешкім де қорғамайтындығын анық түсінесің.

Оң жақ құлағыңнан дауыс естіледі, бұл команданы мен айна-қатесіз танимын. Уақытты кері санау басталды: «9,8,7,6,5,4….ШАБУЫЛ! ШАБУЫЛ! ШАБУЫЛ!».

Қалқаншы «Мирас» кіріп барғанда терроршылар біздің жаққа қарай оқты бората жөнелді. «Шегінеміз» деген команда берілді. Осы кезде екінші боп келе жатқан «Бриз» еш қорықпастан тез секіріп командирді ауыстырып, бораған оқты өзіне қабылдайды, нәтижесінде үш оқ бронды кеудешесіне, біреуі каскасына тиді.

Біздің тобымыздың шегінуі үшін «Найман» мен «Расул» бронды қалқандарын жігіттердің басына көтеріп, сол арқылы оларға қауіпсіз дәліз жасады. Террорға қарсы операция режимі ресми түрде осындай эпизодта енгізілген.

Радиостанция арқылы ақпарат берілді: «Бізге қарсы оқ атылуда», «Қыпшақ тобы есікті аша алмады». Осындай абыржыған сәтте «Аралдың» даусы естілді: «Менде жаралы бар». Басыңа бірден ой келеді: кім жараланды? қай жерінен жараланды? қалай жараланды? Тісқаққан мерген «Жора» жараланыпты. Станция тағы да сөйлеп қоя берді: «Жіліншігінен жараланған, өмір сүреді».

«Жораны» құрметтеймін, ол төзімді сарбаз. Мұндай жарақатпен оны қорқыта алмайсың. Ол жауынгерлік позициясынан кеткен жоқ, дәрігер жарақатын таңып жатыр.

Жақын маңдағы құрылыстарды тазалап жүргенде ұйықтап жатқан жеті жұмысшы кездесті, олар қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.

Атыс жалғасуда. Оқтың бірі газ құбырына тиіп, қалдық газдың кесірінен үй жана бастады. Терроршылар бұған қарамастан оқ жаудыруда.

Өрт сөндірушілер келді. Біз олармен қатар жұмыс істей бастадық.

Өрт сөндіру бригадасы үйдегі өртті сөндіре алмады. Оларды да ата бастады, ұстау тобының оларды да қорғауына тура келді. Кейбір сәтте оларды ауыстыруға мәжбүр болды.

«Аллах Акбар» деген дауыстар шыға бастады, «Аллаһтың» сарбазымыз, өлімге дайынбыз деген сипаттағы үндеулер тасталды. Келіссөзден бас тартып, қаруларын тастағысы келмеген терроршылар тірідей жанып кетті.

Түтінді жарып өтіп, өз тобыма келдім. Тосқауылда ұзақ болып шаршаған жігіттер қоршаудың түбінде үн-түнсіз отыр екен. Олардың жүзінен кір аралас тер тамып жатты, кейбіреуі ойлана темекі шегіп отырды.

Жауынгерлердің бірі бронды қалқанынан оқтың ізі көрініп тұрған «Мирас» пен «Садкоға» қарап басын изеді. Жігіттер шынымен-ақ «бронды кеудешемен» туылғандай еді.

Арада біраз уақыт өткенде операцияның аяқталғандығы туралы пәрмен берілді.

Көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін «Бриз» «Айбын» орденімен, ал «Найман» мен «Жора» «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды.

 

«Шахидтер апанында»

2012 жылғы 11 қыркүйектің кеші. Хоккейден қалалық біріншіліктегі шешуші матчтың үшінші кезеңі өтуде. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша біздің команда қарсыласты ұтып жатты.

Жеке құрамның жиналуы қажеттігін хабарлаған «А» қызметі кезекшісінің қоңырауы турнирдегі жақындап қалған жеңіс дәмін бұзып кетті. Команда бойынша асығыс-үсігіс жолдастарыма ескертіп, шұғыл түрде жұмысқа тарттым.

Кезекші толқып тұрды. Еліміздің батысынан терроршылар тобы анықталыпты.

Атырау облысы Құлсары кентіндегі тұрғын үйлердің біріне өздерін жаратын терроршылар тоқтапты.

База қайнап жатты. Жауынгерлер қаруланып, экипировкасын киінуде. Машиналар келді. Мұнда да, онда да командирлердің бұйрықтары естіліп жатты.

«Данс» (16 килограммдық кір тасы) пен «Балдырғанды» (күреске арналған манекен) алып шығып жатқан жауынгерлердің тірлігін көргендер: «Жаттығуға барамыз ба, не?» деп күлді. Осы заттардың бізге қалай қажет болатындығын ол кезде көбі түсінген жоқ.

Түн ортасында көтерілген ұшақ Атырауды бетке алды. Жауынгерлерге бортта ұйықтауға болатындығы айтылғанымен, ұйықтағандар аз болды. Командирлер операцияны өткізудің нұсқаларын талқылап жатты. Терроршыларды бес қабатты үйдің бір пәтерінен алатындығымызды біз нақты білдік.

12 қыркүйек күні таң ата «А» қызметінің 33 қызметкері Құлсарыға жеттік. Ақылдаса келе, сол маңайдағы тұрғындарды эвакуациялай бастадық.

Үрейленген тұрғындар жауынгерлердің тасасына, бронды қалқандарға, жарықшақ тұтқыш жамылғыларға тасаланып шығып жатты.

Сағат таңғы тоғыз. Келіссөз жүргізушілер жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысып бағуда. Пәтердегілер оларға жауап ретінде «Аллах Акбар» деп қана жауап қатуда. Терроршылар уақытты соза түсуде.

Біз терезе және балкон арқылы шабуылдаудың иммитациясын жасай бастадық. Осы кезде «Данс» пен «Балдырғанның» пайдасы тиді. Жоғарыдағы балконға шыққан жауынгерлер осы бұйымдар арқылы төменгі қабаттың терезелерін шағып түсірді.

Радиостанция арқылы шабуылдың басталғандығы туралы қатты естіліп жатқан дауыстар терроршыларды сендіре түсті. Бандиттер иланып қалды.

Бірінші фанат балконға шығып, ұстау тобын жару ниетімен беліндегі шаһид белдігін іске қосып жіберді. Жарылғыш гүрс ете түсті.

«Аллах Акбар!» деп айқайлаған екіншісі де балконға жүгіріп шықты. Онда ешкімнің жоқ екендігін көрген шаһид, өрт сөндіргіш машина мен арнаулы бөлімше қызметкерлеріне қарай секіруге дайындалып жатты. Белдігіндегі фитиль тұтана бастады.

Секірейін деп тұрған жерінен оны мергеннің оғы тоқтатты. Бұл көрші үйдің шатырында жатқан «Хирургтың» «сәлемі» болатын.

Жансыз дене балконның шарбағына ілініп қалды. Артынша жарылыс болды.

Балконда ілініп тұрған осы сурет барлық жаңалық арналарынан көрсетілді.

Балконды мергеннің бағып отырғандығын сезген басқа қылмыскерлер пәтердің әр түкпірінен қорғаныс позицияларын дайындай бастады. Оған барлық жиһаздар, матрастар мен жамылғылар қолданылды.

«Аллах Акбар!» деген дауыстары қаттырақ, әрі анық шыға бастады. Жау тығырыққа тіреліп тұрды.

Келесі сәтте шаһидтер баспалдақ алаңқайына шығуға тырысты. Бірінен кейін бірі жүгіріп шығып, арнаулы бөлімше қызметкерлеріне қарай секіруде.

Шаһидтердің беліндегі шеге мен бұранда араласқан жарылғыш құралдары жарылып жатты.

Кіреберістің іші қан сасып кетті. Терезе мен есіктер үңірейіп қалған. Тіпті кәдімгі ауа да қайнап сала берді.

Арнаулы бөлімше қызметкерлері шегінбеді. Қарсы оқ атып, қылмыскерлердің бірінен кейін бірін сұлата бастады.

Жарылыстардың екпіні келіссөз жүргізушілерді есінен адастырды. Оларды қауіпсіз аймаққа алып кетуге тура келді.

Біздің бір қызметкер қолынан жараланды.

Бірақ пәтерде әлі де қылмыскерлер бар еді. Ішке кіргенде екі терроршының денесін көрдік, біреуі әлі тірі секілді.

Бөлмеде жарылғыш құрылғылардың компоненттері мен қолданылуға дайын жарылғыштар шашылып жатты.

Жаралы терроршы Құлсарының ауруханасына жеткізілді (одан кейін сотталып, қазіргі уақытта жазасын өтеуде).

Кейінірек тергеу тобы іс-шара барысында алты бірдей қолдан жасалған жарылғыштың жарылғандығын хабарлайды. Радикалды топтың алты мүшесінің бесеуі өзін-өзі жарып жібереді.

Күн кешкіріп келе жатты. Бронды кеудешелерін шешіп жатқан жауынгерлердің шаршаған түрінен ер азамат ретінде атқарған жұмыстарына көңілдерінің толып тұрғандықтарын байқадым. Тамаша жұмыс, жігіттер! Үйге қайттық.

 

Дереккөз: ҚР ҰҚК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *