НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар. Елде арнайы операция террористер толық жойылғанша жалғасады, деп Хабар24 агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Қазақстан аумағында бітімгершілік күштерді жан-жаққа орналастыру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгершілік күштерінің қолбасшысы Андрей Сердюков хабарлады.
Олардың мәліметінше, елде арнайы операция террористерді толық жойғанша жалғасады. Сонымен қатар қазір Алматыда Ресей бітімгершілік күшімен Ресей азаматтарын отанына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан аумағында жағдай тұрақты және мемлекеттік органдардың бақылауында. Бітімгершілік бөлімшелерінің қолбасшылығына алғыс айтқым келеді. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандарды қорғап, еліміз үшін осындай сын сағатта көмек көрсетті», — деді ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Андрей Сердюков, ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қолбасшысы: — Қазіргі уақытта бітімгершілік күштер бөлімшесі Алматы қаласында және оған іргелес аумақтарында орналасқан әскери, мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар нысандарды күзетіп жүр.Қазақстан тарапына алғысымды білдіргім келеді. Бітімгершілік күштерді тез арада орналастырып, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етті.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бірлескен күштері Қазақстанда тәртіпсіздіктерді басуға тікелей қатыспайды. Тек жергілікті құққы қорғау органдарына қолдау көрсетіп, стратегиялық маңызы бар нысандарды өз қорғауына алады. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы — мемлекетаралық келісім. Ол 1992 жылдың 12-мамырында Ташкент қаласында құрылған. Бұл шартқа ТМД-ға мүше мемлекеттер – Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан басшылары қол қойған. Кейін құрамынан Өзбекстан шығып, Беларусь республикасы қосылған. Ұйым жарғысы бойынша, бір немесе бірнеше қатысушы мемлекеттің аумақтық тұтастығына және тәуелсіздігі немесе халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда қатысушы мемлекеттер бір-біріне әскери көмек көрсетеді.