АЛМАТЫ, 31 желтоқсан. Алматыда есірткі сатушылар 10 және 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселе Алматының іргесіндегі саяжайда, жалдамалы үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған екі жігіт туралы болып отыр. Оларды әшкерелеу бойынша арнайы іс-шара кезінде ғимаратты тінту барысында химиялық реагенттер, синтетикалық препараттарды жасауға арналған әртүрлі компоненттер, сондай-ақ сатуға дайын жалпы салмағы 3,5 келі болатын меткатинон (мефедрон) заты тәркіленді. Бұл өнімнің сатылымдағы бағасы 40 млн теңгені құрайтын еді. Алматы қалалық сотының үкімімен олар 10 және 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Есірткі қылмысы – ұлт денсаулығына үлкен қауіп. Бұрыннан белгілі есірткілермен қатар, жаңа синтетикалық түрлері күн сайын дерлік пайда болады, олар арзанырақ және сатып алуға ыңғайлы. Біздің бөлімше қызметіндегі басым бағыт – синтетикалық препараттарды анықтау және оларды өндіру бойынша зертхананың қызметін тоқтату. Алматыда жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде үш зертхана жойылды, есірткі заттарын жарнамалаудың алты фактісі анықталды. Қылмыстың бұл түрі, әдетте, бір адаммен емес, топпен жасалады, олардың әрқайсысының жауапкершілігі нақты белгіленген. Осылайша, біз қылмыстың ұйымдасқан түрімен күресіп жатырмыз. Жасырын орындарда (бетбелгілерде), интернет арқылы электронды төлемдерді пайдалана отырып, синтетикалық есірткіні контактісіз әдіспен тарату үрдісі – өзекті мәселелердің бірі. Біз 443 интернет-сайтты бұғаттау үшін ІІМ-не ақпарат жібердік, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Анықтама үшін: жыл басынан бері қалада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 601 құқық бұзушылық анықталды. 372 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілген жоқ.