НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан . Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметін реформалау барысы, ұлттық қауіпсіздік органдары жұмысының негізгі жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы баяндалды.
«Ермек Сағымбаев қазіргі уақытта ҰҚК-нің құзыреті аясында билікті күшпен басып алу, террорлық актілер, жаппай тәртіпсіздік пен басқа да қылмыстарға қатысты 27 қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді», — деп хабарлады Ақорда.
Осы қылмыстық істер бойынша 24 адам қамауда отыр. Оның 14-і – деструктивті діни ағым өкілдері.
Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында Алматы қаласында ТМД елдеріне есірткі тасымалдайтын өз «майнинг-фермасы» бар ірі есірткі лабораториясы жойылды. Құны 3,7 миллиард теңге болатын 188 келі мефедрон және 57 миллион теңге тәркіленді.
ҰҚК шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету жұмыстарын күшейтіп жатыр. Қаңтар-ақпан айларында 2133 құқықбұзушы мен 22 су көлігі ұсталған.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы ҰҚК органдарының жұмысын жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.