Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Шетелде теологиялық бейресми оқу орындарында білім алу аса қауіпті — маман

НҰР-СҰЛТАН, 02 сәуір. Соңғы жылдары шетелде діни білім алудың қауіп-қатері жиі көтеріліп жүр. Өйткені, өзге елге білім қуып барған қазақ жастарының ішінде діни ағымдардың ықпалына түсіп, теріс идеологияның қолшоқпары болып кеткендер аз емес. Әлі күнге Қазақстанды былай қойып, шет жердегі бейресми оқу орындарында білім алуды құп көретіндер баршылық. Бұл үрдістің қалай алдын аламыз? Жастарымызды теріс ағымдардың ықпалынан сақтау үшін не істеу керек?Маңғыстау облысы дін істері басқармасының бас маманы Исламберді Икаев осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын табуға тырысты, деп Кazislam.kz жазады. 

Неден сақтануымыз керек?

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасына қарасты Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының мамандары діни жағдайдың тұрақсыздануына жастардың діни радикализмге кетуі бірден-бір себеп болды дейді. Еске салсақ, 2010-жылдардан бастап қаншама қаракөздеріміз Сирияға аттанды, бірнеше террористік акт орын алды, экстремистік қылмыстар жасалды. Бұл келеңсіздіктерге шетелдік уағызшылар тікелей әсер еткені белгілі болып отыр.

Себебі олардың негізгі мақсаты – діни теріс идеологияны насихаттау арқылы басқа елдерге деструктивті ағымдарды тарату. Ал өмірде жолын таппаған кейбір жастар радикализмнің буына уланып, адасып қалып жүр. Кейін анықталғандай, жоғарыда аталған діни эстремистік және террористік қылмысқа барғандардың, Сирияға кеткендердің көпшілігі – шетелдік бейресми оқу орындарында оқығандар және солардың уағыз-насихатын тыңдағандар болып шықты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Діни білім және кадр даярлау» бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, мешіт қызметкерлері де жас өрендеріміздің осындай күмәнді шетелдік оқу орындарына кетіп қалмауы үшін қолынан келген жұмыстарын жасап келеді. Имамдар, теологтар, дінтанушылар жастармен алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Өйткені теріс бағытты насихаттайтын оқу орындарына түсу адам өмірінің түбегейлі бұзылуына әкеп соғуы ғажап емес екендігін алға тартады.

– Шетелдегі теологиялық бейресми оқу орындарында білім алу аса қауіпті. Олар мемлекеттің арнайы бақылауында болмағандықтан, «медресе» немесе «университет» деген атауға ие емес. Шағын «курс» ретінде жұмыс істейді. Осындай бейресми «курстардан» өткен кейбір жастар «сәләфизм», «тәкфиризм» тәрізді ағымдардың идеологиясына уланып шыға келді.

Кез келген діни ұйым, ағым, саяси топ өздерінің мақсатын жүзеге асыру үшін арнайы оқытатын орталық құрады. Содан кейін тегін білім береміз, тегін тамақпен қамтамасыз етеміз деп қызықтырады. Тіпті, «шәкірттерінің» бар жағдайын жасауға дайын болады. Олардың негізгі идеясы – өз жақтастарының санын көбейту. Сол үшін де шет мемлекеттерден жастарды тартады, – дейді Смайыл Сейтбеков.

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Балқожаеваның айтуы бойынша, соңғы жылдары елімізде дінге бетбұрыстың артуына орай, діни білім алу өзекті мәселеге айналған.

– Ғаламтордағы шетін идеологиялар қазақ жастарының санасын улап, олардың діни білімді Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Йемен, Кувейт, Иран, Пәкістан, Катар сияқты елдерде алуға деген құштарлығын арттырып отыр.

Қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтарымызды  дәстүрлі Ислам құндылықтарымен ұштастыра алмау діни адасушылыққа әкеп соқтырып, еліміздегі діни ахуалға нұқсан келтіруде. Бастапқы діни білімді отандық медреселер мен мешіттегі имамдардан алмаған жастардың шетелдегі күмәнді діни білім ордаларына баруы олардың жеке бастарына да, ұлтымызға да, мемлекетіміздің  қауіпсіздігіне де қатер. Өйткені, жат идеологияны бойына сіңірген қаракөздеріміз радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылуда. Бұл қауіптің алдын алу үшін діни білімді Қазақстанда алудың маңызы өте зор, – дейді ол.

Бүгінде Маңғыстау облысы дін істері басқармасы мен оған қарасты орталықтар жастарды діни радикализмнен қорғап қалу үшін аймақ, өңірлерде алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның және «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» шеңберінде діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды дінтанулық сараптамадан өткізу, интернет-ресурстарды мониторингілеу арқылы күмәнді діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау және оларды бұғаттауға ұсыныс беру жұмыстарынан бөлек жұртшылық арасында діни радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында ағартушылық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі теріс діни ағымдар мен жалған діни ұйымдардан зардап шеккендерді оңалтуға және ақпараттық жұмыстар жүргізуге ерекше мән беріп келеді.

 Еліміздегі діни білім беру сапасы

ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің мамандары шетелдегі ресми діни оқу орындарының артықшылықтарын да жоққа шығармайды. Олардың ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесі бар және базасы мықты. Дегенмен, қазақ жастары діннен алғашқы сауатын алдымен өз елімізде ашып, ақ пен қараны ажырататын деңгейге жетуі тиіс.

– Қазақстанда да теологиялық білім беретін оқу ордалары мен сауатты мамандар жеткілікті. Олардың саны да, сапасы да артып келеді. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде жоғары білікті мамандарымыз, профессор дәрежесін алған ғалымдар, докторлар мен магистрлер аз емес.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «исламтану» мамандығы бойынша 3 жыл білім беретін медреселер жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда мамандарымыз сұранысқа ие деп ауыз толтырып айта аламыз. Жыл сайын түлектеріміздің де саны артуда. Шетелдегі діни білім беретін ұйымдармен тәжірибе алмасып, тығыз жұмыс жасаймыз, – дейді С. Сейтбеков.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі Мұрат Смағұловтың айтуынша, 2011 жылдан кейін жалпы «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавр дәрежесінде оқыту тоқтатылған.

– Шетелде діни білім алудың қаупі болғандықтан, мемлекет тарапынан қажетті қадамдар жасалған. Себебі енді ғана мектепті бітірген жасөспірімдер өзге елдің мәдениеттерін, құндылықтарын, ұстанымдарын және өзге елдің ерекшеліктерін білмегеннен кейін түрлі қиындықтарға тап болады. Соның салдарынан белгісіз бір ағымдардың, топтардың арасына қалай түсіп кеткенін аңғармай қалады. Ішкі сүзгісі жоқ студент барлық ақпаратты қабылдай беретіні де анық. Сондықтан тек магистратура, докторантура және одан кейінгі деңгейлерді оқуға рұқсат беріледі. Соған байланысты арнайы гранттар да бөлінеді, – дейді кафедра меңгерушісі.

Қазіргі таңда елімізде діни білім аламын деген жастар  үшін 6 негізгі жоғары оқу орны бар. Олар: «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. Олар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша оқытады.

Одан өзге «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі,  «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледждері бар.

Шетелде оқу үшін кімнен рұқсат алу керек?

Мамандардың айтуынша, өзге мемлекетке оқуға баратындар негізінен құжаттарын «Шетелге турист ретінде барамын» деп толтырады. Ол үш айға жарамды. Сол жақта жүрген кейбір азаматтарымызға көші-қон туралы заңды бұзғаны үшін айыппұл салынып, ел аумағынан шығуға тыйым салынып жататынын білеміз. Яғни, елге оралуға мүмкіндік қиындай түседі.

Сондықтан шетелден жоғары діни білім аламын деген жастар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан арнайы рұқсат алуы қажет. Ал ҚМДБ тарапынан берілетін рұқсат-жолдаманың алғышарты – бастапқы діни білімді еліміздегі отандық оқу орындарынан алу.

Шетелдегі рұқсат етілген оқу орындарының қатарында Түркияның Ыстамбұл университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университет, Мысырдың «Әл-Азхар» университеті, Қазан қаласындағы Ресей ислам университеті, Мәскеу ислам университеті және Өзбекстанның Ташкент ислам университеті бар.

Сондай-ақ 2013 жылдан бастап қазақ жастарын оқыта бастаған Түркияның «Хасеки» университетіндегі оқу шығындары екі елдің келісімі бойынша Түркия тарапынан төленіп келеді.

Еліміздегі дін саласын реттеу жұмыстары Конституцияда бекітілген зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Сәйкесінше, халықтың дінге қатысты қажеттіліктерін еркін өтеулеріне, діни білім алуларына барлық жағдайлар жасалған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *