«Кеше кешкісін қаладағы жеті мектепте жарылғыш зат қойылды деген хабар келіп түсті. Қаланың төтенше жағдайлар қызметі тексеріс жүргізді, сапер бөлімшелері нысандарды тексерді. Нәтижесінде жарылғыш зат табылмады», — деп Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметінде мәлімдеді.
«Қазір мұндай хабарды таратқан адам іздестіріліп жатыр. Ол қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деп ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Еске салайық, 31 наурызда Қазақстанды түрлі қоғамдық орында «жарылғыш зат қойылғаны» туралы хабарламалар «толқыны» шарпыған еді. Алматыда үш банк, екі сауда үйі, әуежай мен оқу орны, Нұр-Сұлтанда екі автосалон мен екі сауда үйі, Қарағандыда көліктерге қызмет көрсету орталығында «бомба қойылды» деген хабарлама болды.
Айта кетейік, Қарағанды полицейлері күдіктіні — кінәсін мойындаған 29 жастағы жігітті анықтап, ұстаған еді.
19 сәуірде телефон «террористі» деген күдікпен Жітіқара қаласының (Қостанай облысы) 1986 жылы туған тұрғыны ұсталғаны белгілі болды. Ол қаладағы ұйымдардың бірінде IT-маман болып жұмыс істейді.