ТҮРКІСТАН, 14 мамыр. Түркістан облысында қызметтік иттің көмегімен шекарадан гашиш алып өтпек болған өзбекстандық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жібек жолы шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын өзінің басқаруындағы Daewoo Nexia автокөлігімен Қазақстанға өтерде оған Джайма атты ит белгі берді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, күдіктінің жазғы аяқ-киімінен полиэтилен пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табылды. Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың гашиш есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.