Экстремизм және діни көзқаратары бойынша істі болып, сотталғандарды жеке ұстау керек. Өйткені, бұл – идеология, деген пікір айтты, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. Биыл жыл басынан бері түзету мекемелерінде діни мәселелер бойынша жүргізілген жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағыттарының бірі – түзеу мекемелеріндегі діни экстремизм бойынша сотталған азаматтармен жұмыс. Ақтөбеде және Алматыда болған террористік оқиғалар біздің елдегі діни ахуалдың аса жақсы емесін көрсеткен болатын. Жедел түрде Дін істері комитеті мен ҚМДБ тарапынан арнайы комиссия құрылып, елдегі телогтар мен имамдар қызу жұмысқа кіріскен еді. Кеше Дін істер комитеті мен ҚМДБ ел аумағындағы түрмелерде жүргізілген жұмыстарының алғашқы қорытындысын шығарды.
Бас мүфтидің алғашқы ұсынысы «атасы бөлекті» абақтыда да бөлек ұстау керек.
«Діни басқарманың және менің жеке көзқарасым — экстремизм, терроризм, жалпы бір діни көзқараспен отырған адамды жеке ұстау керек. Өйткені, ол – идеология. Кеңестік кезде политзаключенный дегендер болған, олар Ленинградта жеке абақтыда отырған. Мынау да, дәл сол сияқты», – дейді ҚМДБ Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы.
Қазір ел аумағындағы 67 түзеу мекемесі бар. Онда 400-ден астам азамат терроризм және экстремизм бойынша жазаларын өтеп жатыр. Олармен күнделікті ҚМДБ-ның 96 қызметкері түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 186 азаматтың көзқарасы өзгеріп, дәстүрлі дінге қайта бет бұрған. 96 радикалды пиғылда болған азамат, райынан айнып, ойын өзгерткен.
Жиынға қатысқан Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бұл рухани күресте теологтар мен имамдардың еңбегі ерен екенін атап өтті.
«Қазақстан қоғамында діни тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда сіздердің жұмыстарыңыз маңызды деп білемін. Түзеу мекемелерінде сотты болған азаматтарды дұрыс діни бағытқа қайтару үшін біздің арнайы сарапшы мамандарымыз да ықпал жасайды. Діни ағымдарға қарсы күрестің нәтижелі болуы үшін мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.
2015 жылы ҚМДБ жанынан діни экстремизм мен терроризм баптары бойынша жазасын өтеуші азаматтармен жұмыс істейтін арнайы бөлім ашылған болатын. Қазір еліміздің әр өңірінде Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалған арнайы өкілдер жұмыс істейді. Биылғы жұмыс қорытындысы бойынша абақтыда отырған «адасқандардың» дені діни сауатсыздықтың құрбандары екені анықталған. Оның үстіне, теріс ағымның ресми тіркелмеуі, оларды заңдық тұрғыдан ауыздықтауға мүмкіндік бермей отыр.
«Арнайы діни білімі жоқ, діни сауатын ресми көздерден алмағандығы, салафизм идеологиясын ұстанғандығы анықталды. Алайда, сұхбат барысында салафизмнің идеологиялық қырларын меңгермегендері белгілі болды. Яғни, бұл азаматтардың әлеуметтік орта топтан шыққан, өзінің діни ұстанымдарын толыққанды айқындамаған», – дейді Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы Марлен Мүслімов.
«Салафиттік ағымдағы тұлғаны дәстүрлі дінге өткізудің басты ерекшеліктерінің бірі — оның күрделілігінде әрі қиындығында. Бұл ағым діни бірлестік ретінде тіркелмеген. Яғни оған заңмен тиым салу да мүмкін емес», – дейді республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, имам Еркебұлан Қарақұлов.
Осыған дейін «Дін мемлекеттен бөлек» деген саясат ұстанып келдік. Оның «жемісін» биыл жазда жедік. «Ештен кеш жақсы». Кеште болса да, өз қателігіміз бен салғырттығымыздан тапқан жарамызды өзіміз жазып, ендігілердің алдын алу маңызды. Жат ағымдар жатпайды, сол себепті, Дін істері комитеті арқылы мемлекеттік саясат жүргінген абзал.
Дереккөзі: BNews.kz.