НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде. ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын әзірледі.
32 баптан тұратын құжаттың ішінде ерекше назар аударуға тұрарлық тұстары бар.
Мысалы, 2-бапта уағдаласушы тараптардың өзара қарым-қатынас кезінде бір-бірінің мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығы мен шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтейтіні, ішкі істерге араласпайтыны және дауларды бейбіт жолмен реттейтіні, бір-біріне қарсы күш қолданбайтыны немесе күш қолдану қатерін төндірмейтіні айтылған.
Ал 3-бап бойынша тараптар бір-бірінің таңдап алған саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолдарын өзара құрметтеуге міндет алады.
4-бапта уағдаласушы тараптар қажет болған кезде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері аясында консультативтік-кеңесші органдар мен мемлекетаралық құрылымдарды құратыны көрсетілген.
5-бап та осының алдындағы баппен мазмұндас. Нақтырақ айтсақ, тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қатер төндіретін ахуал туындаса, екіжақты форматта да, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері шеңберінде де тиісті консультациялар өткізілуі мүмкін екені атап өтілген.
«Уағдаласушы тараптар өзара мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күш қолдану қатерін төндіруден тартынуға нық бейілділігін растайды», – деп жазылған 6-бапта. Яғни, тараптар Қырғыз Республикасының Шолпан ата қаласындағы кездесуде бесжақты шартқа қол қойған Орталық Азиядағы бес мемлекеттің біріне қарсы бағытталған мемлекеттердің әскери одақтарына, блоктарына не өзге де бірлестіктеріне кірмеуге, сондай-ақ уағдаласушы тараптардың кез келгеніне қарсы бағытталған іс-қимылдарға қатыспауға міндеттенеді.
«Уағдаласушы Тараптар үшінші мемлекеттердің өз аумақтарын, коммуникация жүйелерін және басқа да инфрақұрылымын қандай да бір басқа Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, конституциялық құрылысына және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіре отырып пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді», – делінген құжатта.
8-бапта аталған бес мемлекеттің БҰҰ-ның неғұрлым беделді және әмбебап халықаралық ұйым ретіндегі орталық рөлін нығайтуға күш салатыны айтылған.
«Уағдаласушы Тараптар басқа халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтеді, өздерінің мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде бір-біріне қолдау көрсетеді және қажет болған кезде халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін консультациялар өткізеді, сондай-ақ Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде бірыңғай келісілген ұстанымдармен шығады», – деп жазылған 8-бапта.
Ал 10-бапта аталған 5 мемлекет терроризм мен экстремизм идеологиясының әуелі жастар арасында таралуына қарсы іс-қимыл жасау үшін күш салатыны жазылған.
14-бап арадағы алыс-берісті жеңілдетудің жолдарын жетілдіруге арналған.
«Уағдаласушы Тараптар қолданыстағы теміржол, автомобиль, әуе және су коммуникацияларын кеңінен пайдалану және жаңаларын құру жолымен, сондай-ақ трансшекаралық тасымалдау кезінде әкімшілік рәсімдерді оңайлату арқылы өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін одан әрі дамытуға жәрдемдеседі. Уағдаласушы Тараптар өнімдер мен тауарлардың транзитін жеңілдету үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азияда индустриялық-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарының желісін қалыптастыру үшін қажетті шараларды қабылдайды», – делінген бұл бапта.
17-бапта тараптардың су-энергетика ресурстарын кешенді және ұтымды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтетіні көрсетілген.
18, 19, 20-баптар қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендік апаттарды бірлесіп еңсеру, Аралды құтқару мәселесіне, осы саладағы мамандарды даярлауға арналған.
«Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия өңірінің экологиялық жүйесін сақтауда, биоәртүрлілікті қалпына келтіруде, сондай-ақ, ең алдымен, дүлей зілзалалардың қауіп-қатерлеріне ықтимал ұшырайтын аймақтарда орналасқан уранның қалдығы қоймаларын рекультивациялауда күш-жігерді үйлестіреді. Өз аумақтарында дүлей зілзалалардың, ірі авариялар мен техногендік апаттар салдарларының алдын алуда және оларды жоюда өзара көмек көрсетеді, сондай-ақ табиғи ортаға экологиялық апаттар және антропогендік әсер ету салдарына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамытады», – делінген 18-бапта.
21, 22, 23, 24-баптар ғылым, инновация, ғарыш, цифрландыру саласындағы өзара әріптестікті дамыту мәселерін қамтиды.
25-бапта уағдаласушы тараптар өз аумағында тұратын халықтардың этностық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелігін сақтайтыны және этностық топтарды қорғайтыны нақтыланған.
«Тараптар олардың мәдени, әлеуметтік және экономикалық өмірге, сондай-ақ мемлекеттік істерге тең қатысуы үшін уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес жағдайлар жасайды», – деп жазылған аталмыш бапта.
Ең соңғы 32-бапта бұл Шарттың белгіленбеген мерзімге жасалатыны айтылған.
Шарттың депозитарийі – Қазақстан Республикасы. Яғни бесжақты келісімнің мәтінін және оны ратификациялау туралы құжаттардың түпнұсқасы Қазақстанда сақталады. Қалған төрт мемлекетке шарттың куәландырылған көшірмесі жіберіледі. Құжат бес елден ратификациялау грамотасы келгеннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
«Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы депозитарийді бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Шарттан шығуға құқылы», – деп жазылған құжат жобасында. Яғни, шарттан шыққысы келген мемлекет бұл туралы әуелі Қазақстанға жазбаша түрде хабарлауы керек.
Еске салсақ, өткен аптада Орталық Азия елдерінің басшылары Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы тарихи құжатқа қол қойған болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл шарт аймақтағы мемлекеттерге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жаңалықтар көзі KazIslam.kz