ПЕТРОПАВЛ, 03 тамыз. Петропавл қаласының екі тұрғыны әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға ұсыныс жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сотқа ерлі-зайыптылардың заңсыз әрекетіне қатысты іс түскен. Екеуі Қылмыстық кодекстің 180-бабы (Сепаратистік әрекет), атап айтқанда, Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату бойынша жауапқа тартылды.
Сот материалдарына сәйкес, олар «Чат Рулетка» қосымшасына кіріп, Солтүстік Қазақстан облысын Ресей Федерациясына қосуға үндеген. Осы танымал сервистің негізінде бейнебайланыс арқылы әлем бойынша кез келген желі қолданушысымен сөйлесуге болады.
«Ерлі-зайыптылардың кінәсі іс материалдарымен расталып отыр. Өздері кінәсін мойындаған жоқ. Дегенмен заңсыз әрекеті дәлелденді. Бейнежазба да бар. Ол жерде қылмыстық тәртіп бұзушылық тіркелген. Кешенді психологиялық-филологиялық сараптама жасалды», — деді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға.
Прокурор әрбір сотталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал ерлі-зайыптылардың кінәсін мойындамай, өздерін ақтауға өтініш жасады. Заң бойынша ондай тәртіп бұзушылық экстремистік қылмыстарға жатады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруы жазасы қарастырылған.
Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабы, 6-бөлігі бойынша экстремистік қылмыс жасаған адамға шартты жаза қолданылмайды.
«Осыны ескере отырып, сот сотталушыларға минималды жазаны тағайындап, әрбіреуін бес жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Олар өз жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді», — делінген сот хабарламасында.
Ерлі-зайыптылардың жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.