Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, сағат 14:53-те Павлодар облыстық және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының электрондық мекенжайларына бірнеше ғимаратқа жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына шұғыл ден қоюдың барлық күштері тартылды. Адамдар эвакуацияланды», — деп толықтырды департаменттегілер.
Қажетті шаралар қабылданып жатқаны да айтылады.
Павлодар облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына, Ақтоғай, Май және Аққулы аудандарының соттарына да осыған ұқсас хабарламалар келіп түсті.
Облыстық соттың баспасөз қызметі аталған фактіге сәйкес, Ақтоғай, Май және өзге аудандық соттарда сот процестері кейінге шегерілгенін хабарлады.
Павлодар облысының полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар тарату қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша жаза қарастырылғанын еске салады.