НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек. Өзбекстанның құқық қорғау органдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті қарсаңында Самарқандта қауіпсіздік оқу-жаттығуларын өткізуде, деп елдің Ішкі істер министрлігінің қоғамдық қауіпсіздік департаменті хабарлайды. Бұл туралы Sputnik Өзбекстанға сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
ШЫҰ саммиті 15-16 қыркүйекте Самарқандта өтеді.
«10 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында Самарқанд пен оның төңірегінде қауіпсіздік құрылымдары тактикалық-тәжірибелік оқу-жаттығу шараларын жүргізіле басталды», — делінген ІІМ Telegram-каналында.
Департаменттің мәліметінше, оқу-жаттығулар аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру шаралары жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды «алдағы саммитке дайындықты жүргізудің маңыздылығына және ішкі істер органдары қызметкерлерінің талаптарын орындауға байланысты» енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды.
Бұған дейін Самарқанд облысы Ішкі істер басқармасының ақпарат қызметі саммитке байланысты 14-17 қыркүйек аралығында Самарқандқа кіретін жолдар, сондай-ақ қала ішіндегі жолдардың бір бөлігі көлік қозғалысы үшін жабылатынын хабарлаған болатын.
ШЫҰ – 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оған Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан қатысады. Бақылаушы елдер – Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия, әріптес елдер – Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка. 2021 жылдың қыркүйегінде Душанбеде өткен ШЫҰ саммитінде Иранды ұйымға қабылдау және Египет, Катар және Сауд Арабиясына диалог бойынша серіктес мәртебесін беру рәсімі басталды. Биыл Беларусь ШЫҰ-ға толыққанды мүше ретінде кіруге ресми түрде өтініш білдірді.