Туркия. Анкара. 20 желтоқсан. Ресейдің Түркиядағы елшісіне тікелей эфирде қастандық жасалды, — деп хабарлайды РИА Новости.
Ресейдің Түркиядағы елшісіне шабуыл Түркия астанасындағы заманауи өнер орталығындағы көрменің ашылу салтанатында жасалды. Куәгерлердің айтуынша, мекемеге қарулы адам кіріп келіп, дипломаттың артынан оқ атқан. Қастандық 62 жастағы дипломатқа мінберде сөз сөз сөйлеп тұрғанда жасалған. Полицейлер оған шабуыл жасаған адамның көзін жойды. Бұл шараны түрік телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатқан.
Ресей СІМ өкілдері Түркиядағы елшінің қастандықтан қаза болғанын растады. «Бүгін Ресей Федерациясының тарихында қасіретті күн. Анкарада бүгін қоғамдық іс-шарада Ресей Федерациясының елшісі Андрей Карловқа қастандық жасалып, ол қаза тапты», — деп хабарлады Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
Ол Андрей Карлов қаза тапқан Анкарада болған оқиғаны террористік акт деп атады. «Оқиғаны террористік акт деп танимыз. Түрік ресми өкілдерімен байланыстамыз, олардан жан-жақты тергеу жүргізілетіні жайлы хабар алдық», — деді СІМ өкілі.
Сонымен қатар, түрік билігінің Ресейдің Анкарадағы елшілігінің күзетін күшейткені хабарланып отыр.
Ал Мемлекеттік думаның өкілдері РФ-ның Түркиядағы елшісіне жасалған шабуылды екі елдің арасындағы қарым-қатынасты бұзу үшін жасалған деп мәлімдеп, осы қылмысты жан-жақты тергеуге алу керек екенін атап өтті.
Дереккөз: Tengrinews.kz