АСТАНА, 25 қыркүйек. Йеменнің үкіметшіл күштері сенбі күні елдің оңтүстігіндегі Абьян провинциясында лаңкестікке қарсы әскери операцияларын жалғастырды, деп қауіпсіздік қызметінің өкілі мәлімдеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Соңғы күндері әскерилер провинцияның әртүрлі аудандарындағы «Әл-Каида»* лаңкестік тобының бекіністеріне рейд жүргізді. 24 лаңкес жойылды, деп хабарлады атын атамауды қалаған жергілікті қауіпсіздік көзі.
«Әскерлер сенбі күні содырларды бүкіл провинциядан шығаруға бағытталған лаңкестікке қарсы науқанның төртінші кезеңін бастады», — деп қосты дереккөз.
Ол бірнеше апта бойы жалғасқан қанды шайқастардан кейін «Әл-Қаида» содырларының төрт ауданнан шығарылғанын айтып, соңғы бірнеше күндегі операцияларда 32 сарбаз қаза тауып, тағы 40 сарбаз жараланғанын айтты.
Шенеуніктің айтуынша, Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметшіл күштер басқа оңтүстік аудандарда «Әл-Қаида» содырларына қарсы операцияларын жалғастырды.
Сейсенбі күні Йемен үкіметінің құрамына кіретін Оңтүстік өтпелі кеңестің (ОӨК) әскери бөлімдері Абьянның әртүрлі таулы аудандарындағы «Әл-Қаиданың» жасырынған жерлері мен позицияларына сәтті шабуыл жасады.
Өткен айда ОӨК әскерлері лаңкестік топтармен күресу үшін Абьянда «Шығыс жебелері» кодтық атымен ауқымды операция бастады.
Йеменде орналасқан «Араб түбегіндегі Әл-Каида» (AТӘК) елдің оңтүстік провинцияларындағы қауіпсіздік күштеріне қарсы көптеген атышулы шабуылдарға жауапты.
АТӘК Йемен үкіметі мен хуси жасақтары арасындағы көп жылдардан бері болған ауыр қақтығысты пайдаланып, соғыстан зардап шеккен араб еліндегі болуын кеңейтті.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым