АСТАНА, 04 қазан. Ресей ФҚҚ Санкт-Петербург, Башқұртстан мен Ингушетияда Сирияда әрекет ететін «Хайят Тахрир аш-Шам» (Ресейде тыйым салынған) халықаралық лаңкестік ұйымының содырларына қаржы жинап жүрген үш сыбайласын ұстады, деп РФ ФҚҚ қоғаммен байланыс орталығы (ҚБО) хабарлайды. Бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«Күдіктілер террористік ұйымның қаржы қызметкерлерінен алынған нұсқауларды орындай отырып, содырлардың есеп шоттарына қару-жарақ, көлік, оқ-дәрі сатып алу үшін тұрақты түрде ақша аударып отырғаны, сондай-ақ ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, экстремистік әрекетке жария түрде шақырулар жасағаны анықталды», — деп хабарлады ҚБО-да.
Олардың тұрғылықты жерінен байланыс құралдары, төлем құралдары, заңсыз әрекеттерді растайтын басқа да материалдар тәркіленді.
Ресей ФҚҚ-нің тергеу бөлімшелері лаңкестік әрекеттерге жәрдемдесу және экстремистік әрекетке жария түрде шақыру бойынша қылмыстық істерді қозғап, тергеп жатыр.
* Хаят Тахрир аш-Шам (Тахрир аш-Шам, ХТШ) – Сириядағы азаматтық соғысқа қатысатын радикалды салафиттік топ. Ол 2017 жылдың 28 қаңтарында Джабхат Фатех аш-Шам (бұрынғы ән-Нусра майданы, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйым), Ансар ад-Дин майданы, Джейш әл-Сунна, Лива әл-Хақ және Нур ад-Дин әл — Зенкидің бірігуі нәтижесінде құрылған.