КӨКШЕТАУ, 28 қазан. ҚазАқпарат — Жарылғыш құрылғылардың салынғаны туралы хабарлама алған полицейлер Көкшетау қаласының мектептерін тексеруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайттағы мәліметтерге қарағанда, 28 қазанда Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына №3 «Дарын» мектеп-интернатында жарылғыш құрылғы жасырылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Көрсетілген мекенжай бойынша полиция қызметкерлері мен басқа да шұғыл қызметтер дереу келіп жетті. Мектеп аумағы қоршауға алынды. Оқушылар, оқытушылар құрамы және мектеп әкімшілігі эвакуацияланды.
Жарылыс техниктері мен кинологтар мектепті толық зерттеді, жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.
Кейіннен полицияға басқа орта оқу орындарында жарылғыш құрылғылар бар екендігі туралы хабарламалар келіп түсті, онда тиісті қызметтер тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Полиция азаматтардан дүрбелеңге түспеуді, жалған ақпарат таратпауды және тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды»,-делінген хабарламада.