Брюссель. 11 қаңтар. Брюссель мен Парижде болған теракт кезінде мерт болғандардың жақындары мен туыстары АҚШ-та «Твиттер» желісіне қатысты шағым түсірді, деп RTBF-ке сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.
Өздерінің шағымдарында марқұмдардың туыстары сайт өкілдерінің террористердің ақпараттарды таратуына кедергі келтіру үшін қажетті деңгейде шараларды қолданып отырмағандығын айтады. Марқұмдардың туыстарының сөздерінше, осы арқылы сайт АҚШ-тың терроризмге қарсы заңнамасын бұзып отыр. Шағым иелері өтемақы төлеуді талап етті.
Шағым-арызды Нью-Йоркте 2016 жылдың 22 наурызы күні Брюссель әуежайында болған теракт кезінде көз жұмған Александр Пинкзовскийдің жақыны мен 2015 жылдың 13 қарашасы күні Парижде болған теракт кезінде құрбан болған Ноэми Гонсалестің туыстары беріп отыр.
Айта кетейік, 2015 жылдың 13 қарашасы күні Парижде және оның маңындағы Сен-Дени қаласында бірнеше теракт болған еді. Оның құрбандарының саны 130-ға жетті.
2016 жылдың 22 наурызы күні Брюссель әуежайында екі жарылыс болып, 14 адам мерт болды.
Дереккөз: «ҚазАқпарат» ХАА