Багдад. 15 ақпан. Апта соңында Ирак жауынгерлерінің қатарына 1700 жаңа жасақ қосылады.
Олар австралиялық командирлердің тәлімін алып, тәжірибе жинақтаған жергілікті жігіттер.
Жас сарбаздар Мосул қаласының шығыс бөлігін лаңкестерден тазарту ісіне күш қоспақ. Көп ұзамай шынайы соғыс алаңына шығатын жауынгерлер АҚШ басқаратын коалиция мен Ирак әскерінің жауынгерлері ұйымдастырған ақырғы сынақтан өтті.
Жаттығу барысында жігіттер жарылғыштарды танып, залалсыздандыру және нысандардағы қауіпсіздік пен алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйренген.
Ричард Ваг, командир:
— Сарбаздардың алғашқы легі жаттығуды толық аяқтады. Олар лаңкестерге қарсы соғысуға әбден машықтанды. Біз әскерилер қатарын күшейту үшін тағы бір мың сарбазды жаттықтырамыз. Енді Ирактың федералды полициясы мен лаңкестерге қарсы қызметі бірлесіп содырларға жойқын соққы беруге мүмкіндігі бар.
Әли Кассем Азиз, жаттығудан өткен сарбаз:
— Әрине, алғашқы кезде оңай болмайтыны белгілі. Көпшілігі лаңкестердің қатыгездігін естіп қорқып қалған. Бірақ біз жасқанбаймыз. Отанымызды, бауырларымызды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.
Дереккөз: Хабар 24