Астана. 2 наурыз. Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.
Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.
Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек» деп Елбасымыз дін саласының қаншалықты өзекті болып отырғандығын нақтылап айтып өткен болатын.
Жолдауды іске асыру мақсатында Алматы облысы әкімдігінің жанындағы дін істері басқармасының бастамасымен 2017 жылдың 15 ақпан – 15 наурыз аралығында Панфилов ауданында масштабты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Құрамы III-топтан тұратын жұмыс тобы жасақталған:
I. Ақпараттық-түсіндіру тобы. Жетекшісі – Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Ә. Алпысбаев.
II. Дәстүрлі емес діни ағымдардың ұстанушыларымен оңалту жұмыстарын жүргізу. Жетекшісі – Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы Р.Р. Есдәулетов.
III. Діндар жамағатпен жұмыс жүргізу. Жетекшісі — Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры Ш.С. Кекбаева.
Жасақталған топтар құрамына РАНТ мүшелері, танымал теолог мамандар, мемлекеттік қызметкерлер, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушылары мен теологтары, жалпы саны 98 мамандардың қатысуымен 65 іс-шара өткізу жоспарланған.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, дәстүрлі ислам құндылықтары, ғаламторда дәстүрлі емес діни ұйымдардан сақтану және оның алдын алу жолдары туралы мемлекеттік қызметкерлерге, колледж студенттеріне, аудандық ауруханалар қызметкерлеріне, орталық базар саудагерлеріне, ауылдық округтерде орналасқан орта мектептердің оқушыларына, әскери қызметкерлерге, мешіт имамдары, ер және әйел жамағаттарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жұмысқа арнайы Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері ҚазҰУ-ның мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, ф.ғ.д. Бейсенов Бағдат, Қостанай облысының өкіл имамы Тәжімбет Бақытбек, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушылары Ризабек Батталұлы және Жүсіпбеков Жасұлан арнайы шақыртылды.
Дереккөз: E-Islam