Астана. 4 сәуір. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстан Президенті Санкт-Петербург қаласы метросындағы жарылыс салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Бұл оқиға қабырғамызды қайыстырды, Ресей Федерациясы халқының ауыр қайғысына шын ниетімізбен ортақтастығымызды білдіреміз», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қаза болғандардың туыстары мен жақындарына барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.
Дереккөз: Ақорда баспасөз қызметі