Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жыылғы 19 сәуірде Астана қаласында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумына қатысушы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу барысында еліміздегі діни ахуалдың дұрыс дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерге назар аударып, толықтай тұмшаланып алатын қазақ қыздары мен қысқа балақ пен қауға сақалды ер азаматтардың әрекетеріне тоқтау салатын кез жеткенін мәлімдеді.
Бұған себеп болған мәселелердің басында аталған категорияға жататын азаматтарымыздың өз іс-әрекеттерімен елдің арасында үрей туғызуы келеді. Яғни, радикалды «діндарларымыздың» өздері секілді өмір сүрмегендерді кәпірлікпен айыптап, туған-туыстарынан, тіпті, ата-анасынан безе бастауы, намаз оқып жүріп басқасының дүние-мүлкін ұрлау және күшпен тартып алуды дұрыс деп санайтыны, сондай-ақ еліміздің зайырлылық сипатына қарсы шығуларымен ерекшеленеді.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні қоғамда мұсылмандарды өліммен қорқытатын, бұл дүниенің нығметтерінен бездіретін, әйел баласын зат сияқты ауыстыратын және ең сорақысы бейкүнә сәбилерді жүрегі селт етпестен жетім қылып панасыз қалдырып кете беретін «діндарлар» көбейіп кетті. Дәстүрлі емес бағытты ұстанушылардың басым бөлігі өздерін мұсылман санайтын қара жамылып киінген әпке-қарындастарымыз мен балақтарын шолтитып қесіп тастаған ер азаматтар болып отыр.
Тілде мұсылман, бірақ жасаған амалдары ислам әдебіне мүлдем сәйкес келмейтін осындай адамдарды көргендер исламнан шоши бастады. Мұсылмандар осындай дөрекі- сорақылыққа емін-еркін баратын болса онда мен мұсылман болмай ақ қойдым деп айтуға дейін жеткізді. Осылайша, шала сауатты діндарлар қоғамның рухани-өнегелік құндылықтарын жегі құрттай кеміріп, әлемдегі ең ізгі дін – исламның артына кір келтіруде.
Ақиқатында Алла тағала Құран Кәрімде дініміздің негізін сақтаушы басты жолдардың бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю (әл-Әмру биль-мағруф уә нахиу әнил-мункәр) екенін бұйырған жоқ па еді.
Әбу Хурайра (оған Алланың сәлемі болсын) бір хадисінде Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала сендердің рең-түстеріңе, киім-кешектеріңе, байлықтарыңа, тегіңе қарамайды, тек қана жүректеріңе және амалдарыңа қарайды» деп бұйырғанын жеткізеді. Осы аяттар мен хадистерден адамның сыртқы көрінісі, киінгені маңызды емес екеніне көз жеткіземіз.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «Дін – көркем мінез» деп өсиет қалдырды. Адамдағы көркем мінездің сипаттары – ол адамдармен жылы жүзді қарым-қатынас жасау, балаларға мейірімді болу, өмірде қарапайым болу, жамағаттың арасында болғанда өзін сабырлы ұстау, білімге-ғылымға құштар болу және адалдық секілді өнегелік қасиеттер екені белгілі.
Бүгінгі күні өнегелік қасиеттерден жұрдай, өздерін «сунна жолындамыз» деп балағын тобықтан бес елі жоғары қысқартып, бей-берекет сақал қойғандар мен қара жамылып тұмшаланғандар діннің құндылықтарын түсіне алмаған сауаты жоқтар екенін анық айта аламын. Осылардың көзін ашуға бағытталған шаралар қабылдау бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.
Ол үшін ең алдымен түсіндіру шаралары арқылы оларды ұстанған жолдарынан бас тартуға жеткізу. Адамның періштелерден айырмашылығы мен артықшылығы ақылмен ойлап таңдау жасау мұмкіндігі берілгенінде. Сондықтан, «шейхсымақтардың» оңды-солды берген қате пәтуаларына көзсіз ере беруді тоқтатып, өзіміздің тағдырымызды ақылымызбен жазуға ұмтылғанымыз жөн.
Егер, оған көнбеген жағдайда, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деген принциппен заңнамалық тұрғыда тыйым салу мәселесін қарастыру қажет.
Дереккөз: Kazislam