Атырау. 10 мамыр. Атырау облысының прокурорлары әлеуметтік желілерге Конституцияға қайшы келетін аудиожазбалар таратудың 70 фактісін анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев басшылық еткен жұмыс тобы интернет-кеңістікке бақылау жүргізді. Бақылау жұмыстарының нәтижесінде прокурорлар дінтанушылар Конституцияға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдары мен нормативтік-құқықтық актілеріне қайшы деп тұжырым жасаған аудиожазбаларды таратудың 70-тен астам фактісін анықтады. Аталған аудиожазбаларды бұғаттау туралы хат Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне жіберілді», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, жұмыс тобы халық арасында денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
2017 жылдың 17 сәуірінен бері Атырау облысы прокурорының жетекшілігіндегі жұмыс тобы жалпы саны 4 ауданда 14 мың адамды қамтитын 182 шара өткізген.
Дереккөз: «ҚазАқпарат» ХАА